21:42, 29 Мамыр 2015 | GMT +5
Талдықорғанда оқытушы студенттен ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Талдықорған қаласындағы Жоғарғы оқу орны оқытушысын ұстады.

Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің ақпаратына сүйнесек, аймақтың полицейлеріне қаладағы ЖОО-ның студенті өзі оқитын оқу ордасының оқытушысы 60 мың теңге сұрағанын хабарлаған.
«Жедел шаралар барысында 51 жастағы ер адам ақша алып жатқан жерінде ұсталды. Ұсталғанның диплом жұмысын дайындауға көмектесу үшін 60 мың теңге сұрағаны белгілі болды», - деп атап өтті облыстық полицияда. Полиция бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұсталған оқытушы кепілдік төлеп, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді.