19:07, 05 Қаңтар 2012 | GMT +5
Талдықорғанда түзеу жүйесінің арнайы мекемесіне есірткі лақтыру әрекетінің жолы кесілді
ТАЛДЫҚОРҒАН. 5 қаңтар.ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысы ІІД-нің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері Талдықорған қаласында орналасқан ЛА-155/16 мекемесіне есірткі лақтыру әрекетінің жолын кесті.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, пластикалық бөтелкелерге оралған 666 грамм марихуананы лақтыру дерегі бойынша жедел-іздестіру шараларының барысында полиция қызметкерлері Қапшағайдың 20 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Өз түсініктемесінде ұсталған азамат есірткіні Қапшағай қаласынан талдықорғандық түзеу мекемесіне сотталғандарға сату мақсатымен әкелгенін айтты.
Есірткі оралған контейнерлер айғақты дәлелдер ретінде қылмыстық іске тігілді. Күдікті ер азамат Талдықорған қаласының уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Осы факті бойынша тергеу ісі басталды.