08:47, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Талдықорғанда жасалған қылмыстардың жартысы ашылмай отыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - 2008 жылы Талдықорған қаласының аумағында 1543 қылмыс тіркелген, бұл 2007 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 14,3 пайызға көп,

ал олардың ашылуы небәрі 50 пайызды құраған. Осылайша, қалада жасалған әрбір екінші қылмыс ашылмай қалып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Баспасөз мәслихатында Талдықорған прокуроры Қайрат Әбдіхановтың хабарлағанындай, 2008 жылы қасақана жасалған қылмыстың саны 13 фактіден 20-ға дейін өскен, ал олардың ашылуы 80 пайызды құрап отыр, ал 2007 жылы қасақана қылмыстардың ашылу көрсеткіші 92,3 пайызды құраған болатын. Прокуратура қабылдаған шаралардың арқасында қылмыстарды тіркемей жасырып қалу фактілері де азайды. Осының нәтижесінде прокуратура тіркелмей жасырып қалынған 43 қылмысты тіркеуге қойды және арнайы органдардың қылмыстық іс қозғауға рұқсат бермеу туралы 754 заңсыз қаулысының күші жойылды. 2008 жылы полицияның 55 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды, сондай-ақ прокурордың ұсынысы бойынша Талдықорған Ішкі істер басқармасы бөлім бастығының орынбасары С.Оспанов қызметінен босатылды.