Талдықорғандықтар «Айбын» әскери-патриоттық жиынының жеңімпаздарын қарсы алды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында І орынды иеленген «Жетісу тарландары» командасын Талдықорған қаласының «Жастар» саябағында салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жеңімпаздарды туған-туыстары, достары мен жақындары Алматы облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ұлттық оркестрдің әуенімен күтіп алды.
«ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Айбын» жастар жиыны осы жылы халықаралық дәрежеде өтті. Оған «Жас ұлан» республикалық әскери мектептерінен, өңірлердегі әскери-патриоттық клубтардан, сондай-ақ Ресей Федерациясы Орынбор президенттік кадет училищесінен барлығы 600-ден астам тәрбиеленуші қатысты. Ұйымдастырылған жарыстар оңай болмады, алайда қызықты өтті. Физикалық күшті, рухы биік, білікті жастардан құралған біздің команда халықаралық деңгейде өздерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Алдағы уақытта біз жоғары жетістіктерге жететінімізге сенеміз», - деді Алматы облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие және идеология жұмыстар жөніндегі орынбасары Қуандық Әділбеков.
Еске салайық, Қарағанды облысында «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өз мәресіне жетті. Алматы облысының «Жетісу тарландары» командасы 16 өңірден келген қатысушылардың арасынан жүлделі І орынды иеленді. Команданың әр мүшесі арнайы дипломмен, медальмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.


