Талдықорғандықтар Жамбыл театры ұжымының өнерін тамашалауда

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Тараз ғасырлар куәсі» деген атаумен Талдықорғанда Жамбыл облысының мәдениет күндері аясында іс-шаралар өтуде.

Талдықорғандықтар Жамбыл театры ұжымының өнерін тамашалауда

Облыстық мәдениет сарайының фойесінде әр келуші Тараздың ежелгі тарихымен таныса алды. Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлерінің мұнда әкелген қызықты экспонтаттары аз емес.

Тараздың орталығында ежелгі қалашықты қазу жұмыстары жүргізілуде. Қаражат бөлініп, арнайы бағдарлама қабылданды. Табылған артефактілердің кейбіреуі көрмеде таныстырылды.

Айту керек, мәдени алмасу аясындағы барлық шаралар тегін өтіп жатыр. Жамбыл облысының мәдениет күндері қазанның екісіне дейін жалғасады. Алматы облысының да Жамбыл облысына баруы жоспарланып қойды.

Жамбыл театрының ұжымы облыс орталығы тұрғындарын Бикен Римова атындағы драма театр сахнасында театрлық қойылымдарын сахналаумен қуантуда. Оларды тамашалауға жиналған жұртшылықтың қарасы да көп болды. Көрермен назарына Ш.Айтматовтың «Ана Жер Ана» шығармасы бойынша театрлық қойылым ұсынылды.

Бұл спектакль талдықорғандық көрермендер үшін Жамбыл облысынан келген қонақтардың жалғыз сыйы емес. Жалпы, облыс орталығының тұрғындары барлығы үш спектакльді тамашалай алады. Олардың арасында кішкентай көрермендерге арналған тосын сый да бар.

«Бүгін біз балаларға Ж.Омаровтың «Құлыншақ» ертегісін, «Қыз Жібек» эпосын көрсетеміз. Шығармашылық қарым-қатынастарды бұдан кейін де жалғастырамыз деген ойдамын», - деді Жамбыл облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі Қуандық Қасымов.