Талғарда 33 кәсіпкер электр энергиясын жоғары тарифпен төлеп келген
АСТАНА. KAZINFORM — Талғар ауданы прокуратурасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге түсетін тарифтік жүктемені төмендету бойынша шаралар қабылданды. Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы мәлім етті.
Прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіретін 33 кәсіпкердің тарифтік жеңілдіктер түріндегі мемлекеттік қолдауды алмағаны анықталған.
Тарифтік дифференциация тұтыну шарттарына, оның ішінде тұтынушылар топтарына қарай әртүрлі тариф деңгейлерін белгілеуді көздейді.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің қорытындысына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін электр энергиясына 1 кВт/сағ үшін 31,85 теңге мөлшерінде жеңілдетілген тариф көзделген.
— Алайда Талғар ауданы аумағында 33 кәсіпкерлік субъектісі, оның ішінде «Амиран» және «FreshFruit Kazakhstan» сияқты ірі инвесторлар, электр энергиясы үшін жеңілдетілген тарифтің орнына орташа 37,75 теңге тарифімен төлем жасаған, бұл белгіленген әлеуметтік тарифтен едәуір жоғары екенін атап өткен жөн, — делінген хабарламада.
Жеңілдетілген тарифтің қолданылмауы азық-түлік өнімдерінің өзіндік құнының өсуіне әкеледі, халық үшін бағаның өсу қаупін туғызады және өндірушілердің қаржылық тұрақтылығын төмендетеді.
Прокуратурамен қабылданған шаралардың нәтижесінде небәрі 1 ай ішінде өндірушілердің электр энергиясына жұмсалатын шығындары 2,8 млн теңгеге қысқарды, ал жылдық үнем 33,6 млн теңгені құрайтын болады.
Бұл шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін бір топ қыз алаяқтық жүйе ұйымдастырып, танысу сайттары арқылы жәбірленушілермен танысып, қарым-қатынасты жалғастыру үшін жалға алынған пәтерде кездесуді ұсынғанғанын жазған болатынбыз.