Талғар қаласында 9 сынып оқушысын өлтіріп, мәйітті жасырып кеткен 20 жасар азамат ұсталды

АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Талғар қаласында 9-шы сынып оқушысын зорлап өлтіріп, мәйітін тығып тастаған Алматы облысының 20 жасар тұрғыны ұсталды.

Талғар қаласында 9 сынып оқушысын өлтіріп, мәйітті жасырып кеткен 20 жасар азамат ұсталды

 Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, оқушы қыздың  мәйіті қыркүйектің 4-і күні Тереңқара ауылының шетінен табылған. Сондай-ақ қарағандылық тәртіп сақшылары осыдан екі ай бұрын жасалған кісі өлімінің бетін ашты. Іздестіру шараларының барысында мәлім болғанындай, осы облыста тұратын кәсіпкер әйел тауар алып келуге облыс орталығына аттанып, содан қайтып оралмаған. «Осы іс бойынша арнайы жүргізілген іздестіру шараларының барысында күдікті 3 азамат ұсталып, оларға адам ұрлап, қарақшылық жасады және кісі өлтірді деген айып тағылды», деді департамент бастығы.

 Сонымен қатар ол, қыркүйектің 6-сы күні бірнеше жерінен пышақталған Алматы облысы Шамалған аулының 70 жасар тұрғынының ауруханаға жеткізілгендігін мәлім етті. Оның үйінен 1 миллион 800 мың теңге ұрланған. Келесі күні полицейлер осы ауылдың 30 жасар тұрғынын ұстады.