Талғат Ермегияевке мерзімінен бұрын босап шығуға тағы да рұқсат берілмеді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевті шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан тағы да бас тартылды.

Талғат Ермегияев
Фото: ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі

2025 жылдың 14 шілдесінде Алатау қалалық соты Ермегияевті шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартқан еді.

Бүгін Алматы облыстық соты осы сот қаулысына қатысты адвокаттың жеке шағымын қарады. Сотталушының адвокаты аталған қаулының күшін жойып, сотталушыны шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Алайда прокурор қаулыны өзгеріссіз қалдыруды талап етті.

Сот алқасы сотталушының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі бірінші сатыдағы сот қаулысын жоюға негіз таппады.

– Өтінішті қарау барысында іс жүргізу және материалдық құқық нормалары бұзылған жоқ. Сотталушының барлық сипаттамалары, соның ішінде келтірілген залалды өтеуі, тиісті түрде бағаланды. Шешімді жоюға негіздер анықталған жоқ, – деп мәлімдеді Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.

Қаулы заңды күшіне енді.

Еске салайық, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев 2015 жылдың 12 маусымында үйқамаққа алынған.

2016 жылы 9 маусымда ол Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ сот Т.Ермегияевтен «Астана ЭКСПО-2017» компаниясына 5,9 млрд теңгені қайтару жөнінде үкім шығарды.

2017 жылы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевке жазасын өтеу үшін қолайлы жағдай жасаған түрменің 16 лауазымды тұлғасы жауапқа тартылды.

2018 жылы Талғат Ермегияевке қамқорлық жасаған Астанадағы колония басшысы сотталды.

Соңғы жаңалықтар