Талғат Мұсабаев «Байқоңыр қаласының құрметті азаматы» атанды
БАЙҚОҢЫР. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Байқоңыр қаласына жұмыс сапары ауқымында қаланы өзін өзі басқару қоғамдық кеңесінде болды, онда Қазғарыш басшысына «Байқоңыр қаласының құрметті азаматы» атағы куәлігі мен лентасы тапсырылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Александр Мезенцев ғарыш кешенінің еңбек сіңірген адамдарына берілетін бұл атаққа ғарышкер, Халық қаһарманы және Ресей Батыры Талғат Мұсабаев өткен жылы маусым айында ие болғанын, алайда онымен Байқоңырда тікелей кездесудің сәті енді түсіп отырғанын айтты. Қазғарыш басшысын бұл атаққа ие болуымен ҚР Парламентінің депутаттары, Қызылорда облысы әкімдігінің басшылары, осы шараға арнайы келген Ғарышкерлерді даярлайтын ресейлік орталықтың өкілі Юрий Гидзенко құттықтады. Байқоңырға алғаш рет келіп отырған ғарышкердің зайыбы Виктория Мұсабаеваға да құрмет көрсетіліп, қала мэрі гүл шоқтарын тарту етті. Байқоңыр жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан ғарыш ведомствосының басшысы қала тұрғындарына өзінің ғарыш саласын, ғарыш саласындағы ресей-қазақстан ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесін бағалағаны үшін алғысын білдірді. «Мен қазір де Қазақстан мен Ресейдің жоғары наградаларын тапсырғандағыдай көңіл-күйді бастан өткізіп, толқып тұрмын. Бұл атақ еңбегіңнің еленуі ғана емес, сонымен қатар байқоңырлықтар алдындағы зор жауапкершілік», - деді Талғат Мұсабаев.