Тәліптер Трамптың Баграм әуебазасын қайтару туралы талабын қабылдамады

АСТАНА. KAZINFORM — Талибан қозғалысы АҚШ президенті Дональд Трамптың ескертуін елемей, Вашингтон Ауғанстандағы 20 жылдық соғыс кезінде басқарған Баграм әуебазасын қайтару жөніндегі талабын қабылдамады. Бұл туралы Al Jazeera хабарлайды.

Билік басындағы 3 жыл: Талибан Усама бен-Ладен кезінен бері қалай өзгерді
Фото: Rahmat Gul

Талибан жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде «Ауғанстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы ең басты құндылық» екенін атап өтіп, АҚШ-ты күш қолданбау туралы бұған дейінгі келісімдерді сақтауға шақырды.

— Бұл — сәтсіздікке ұшыраған бұрынғы тәсілдерді қайталаудың орнына, реализм мен парасаттылыққа негізделген саясат жүргізу қажеттігін тағы бір мәрте көрсетеді, — делінген Ауғанстан үкіметінің ресми мәлімдемесінде.

Бұған дейін Дональд Трамп Баграм әуебазасын қайтаруға қызығушылық танытқанын айтқан болатын.

— Қазір біз Ауғанстанмен келіссөз жүргізіп жатырмыз және базаны қайтарғымыз келеді. Бұл мүмкіндігінше тез жүзеге асуы керек. Егер олар бұған келіспесе, не болатынын өздеріңіз көресіздер, — деді Трамп сенбі күні Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында.

Кейінірек АҚШ президенті бұл туралы өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында да жазды.

— Егер Ауғанстан Баграм әуебазасын оны салған АҚШ-қа қайтармаса, жаман дүниелер болады, — деп жазды ол.

Баграм — Кабул қаласынан 50 шақырым солтүстікте орналасқан ірі әскери әуе базасы. Бұл нысан АҚШ-тың Талибанға қарсы 20 жылдық соғысы кезінде негізгі әскери орталықтардың бірі болды. 2021 жылы батыс әскері елден кетіп, Талибан билікке келгеннен кейін, базаның бақылауы олардың қолына өтті.

Трамп Баграмды қайтару жоспары туралы алғаш рет Ұлыбританияға жасаған мемлекеттік сапары кезінде, елдің премьер-министрі Кир Стармермен бірлескен баспасөз конференциясында айтқан болатын.

— Біз оны қайтаруға тырысып жатырмыз, өйткені оларға бізден бір нәрсе керек. Бұл базаны қайтарғымыз келеді. Бірақ базаны қайтарудың бір себебі — ол Қытай ядролық қаруын өндіретін орыннан бір сағаттық жерде орналасқанын сіздер білесіздер, — деді АҚШ президенті.

Сондай-ақ, ол АҚШ бұл базаны Талибанға «тек жай ғана беріп қойғанын» сынға алды.

Ауғанстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Закир Джалали АҚШ-тың елге қайтадан әскери күшпен оралуына қарсы шықты.

— Ауған халқы бүкіл тарихында өз жерінде шетелдік әскери күштердің болуына ешқашан көнбеген, — деді ол.

Сонымен қатар, ол екі елдің өзара құрмет пен ортақ мүдде негізінде экономикалық және саяси қатынастарды дамытуы керек екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында 20 елдің көшбасшысымен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар