Тамызда ТМД волонтерлерінің алғашқы форумы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл тамыз айында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер волонтерлерінің алғашқы форумы өтеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінен мәлім етті.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 2026 жылғы тамызда Астанада ТМД мемлекеттерінің алғашқы форумын өткізу жоспарлануда. Форум аясында 9 мемлекеттен (Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркменстан мен Өзбекстан) шақырылатын 400-ден астам волонтердің қатысуымен түрлі форматтағы іс-шаралар өтетін болады, - деді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Форум аясында волонтерліктің жаңашыл тенденциялары мен заманауи құралдарын талқылайтын сарапшылардың панелдік және тақырыптық сессиялары өтеді.
Қазақстанның волонтерлік тәжірибесі мен халықаралық қатысушылардың кейстерін таныстыратын алаңдар, волонтерлік қауымдастыққа арналған дискуссиялар мен шебер сағаттары ұйымдастырылады.
– Қазіргі уақытта аталған форумның тұжырымдамасы әзірленіп, бағдарламасын бекіту жұмыстары пысықталуда, - деді ведомстводан.
Айта кетейік, жыл басында өткен Волентерлер форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еріктілер ісін дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлеуді тапсырған еді.