Tanda.enbek.kz порталында вакансиялар жәрмеңкесі өтіп тұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар үшін Tanda.enbek.kz порталында бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкелері өткізіліп тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жәрмеңкелерді әр өңірде құрылған Өңірлік мансап орталықтары ұйымдастыратын болады.
Онлайн-жәрмеңкелер барысында жұмыс берушілерге өздеріне қажетті мамандарды онлайн форматта табуға мүмкіндік беріледі. Әрбір жұмыс іздеп жүрген адам өзінің түйіндемесін жұмыс берушіге жіберіп қана қоймай, сонымен қатар онлайн-чат арқылы HR мамандарымен мәселелерді талқылап, видеосұхбат арқылы сөйлесе алады.
Жәрмеңкеге қатысу үшін жұмыс берушілер де, ізденушілер де Tanda.enbek.kz порталында тіркеуден өтуі қажет. Толық ақпарат пен жәрмеңкелерді өткізу кестесі осы ресурста жарияланған.
«Осы уақытқа дейін Tanda.enbek.kz-те әртүрлі қызмет салалары үшін де, жекелеген өңірлер үшін де бірқатар онлайн-жәрмеңкелер өткізіліп, оған жалпы 110 жұмыс беруші мен 3 мыңнан астам ізденуші қатысты», - делінген министрлік мәліметінде.