Таңғы жетіден сайлау учаскелерінде кезек болды – ШЫҰ байқаушылары
АСТАНА. KAZINFORM – Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) халықаралық байқаушылары сайлау учаскелерінде таңертеңнен кезек болғанын және қазақстандықтардың дауыс беруге белсенді қатысып жатқанын атап өтті.
Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының мүшесі Алмаз Айбалаевтың айтуынша, таңғы сағат жетіде-ақ сайлау учаскелеріне дауыс беруге келген азаматтар кезекке тұрған.
– Сайлау учаскелерінде дауыс беруге келген адамдардың кезегін көрдік. Таңғы сағат жеті болатын. Дауыс беру басталған бойда азаматтар дауыс беруге дайын тұрды, – деді ол Астанадағы Халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдеріне қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте.
Халықаралық байқаушы сайлау учаскелерінің жақсы дайындалғанын және дауыс беру үдерісінің тиімді ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Қазіргі уақытқа дейін ешқандай заң бұзушылықты байқамадық. Бақылауды жалғастырамыз. Бүгін сайлау учаскелері жабылған кезде де сонда боламыз. Дауыс беру барысын бақылап, ертең, делегация басшысы атап өткендей, мұның бәрін міндетті түрде есебімізде көрсетеміз, – деді Алмаз Айбалаев.
Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің сенаторы Олег Голов та азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысып жатқанын айтты.
– Таңғы сағат жетіде барлық сайлау учаскесі уақытылы ашылды. Азаматтар сайлауға ерекше ықыласпен келіп жатыр. Сайлау учаскелеріндегі байқаушылармен де сөйлестік, олар тарапынан ешқандай ескерту болған жоқ. Сондықтан қазіргі уақытта бәрі заңнама талаптарына сай, ешқандай заң бұзушылықсыз өтіп жатыр деп ойлаймын, – деді Олег Голов.
Айта кетейік, бүгін еліміздің барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді.
Соңғы мәлімет бойынша, Құрылтай сайлауында сайлаушылардың 53,12 пайызы дауыс берді.
Құрылтай сайлауына қатысты барлық жаңалықпен мына сілтемеге өтіп оқи аласыздар.