Танк батальонының командирі мен ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы жемқорлық жасауда ұсталды - жамбылдық қаржы полициясы

ТАРАЗ. 18 қазан. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) пара алғаны үшін ҚР ҚМ 21450 әскери бөлімі жанындағы резервтік бригаданың 2-ші танк батальоны командиріне қатысты қылмыстық іс қозғады.

Танк батальонының командирі мен ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы жемқорлық жасауда ұсталды - жамбылдық қаржы полициясы

«2012 жылдың 27 қыркүйегінде бұл азамат аға техниктен қызметін жоғарылату бойынша бұған дейін жасаған көмегі мен жалпы қолдауы үшін 30 мың теңге көлемінде пара алды», - деп хабарлады экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінен.

Бұдан басқа, қаржы полициясы Байзақ ауданына қарасты ауылдық округтердің бірінің әкімінің міндетін атқарушыға қатысты ҚР ҚК-нің 314-бабы (қызметтік жалғандық) бойынша қылмыстық іс қозғады.

«2007-2010 жылдары жауапты мемлекеттік қызметтегі тұлға бола тұрып, өзіне және өзге тұлғаларға пайда мен артықшылықтарды алу мақсатында ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтерді енгізу арқылы С. есімді азамат қызметтік жалғандық жасады», - деп хабарлады қаржы полициясының баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Жамбыл облысы бойынша қаржы полициясының департаменті аймақтың мемлекеттік органдарындағы жемқорлық фактілері бойынша бірқатар қылмыстық істерді қозғады.