Танылмаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті болып Д.Ероғлы сайланды
АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат - Танылмаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті болып Деруіш Ероғлы сайланды. Елдің Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, Кипрдегі жағдайды реттеу жөніндегі келіссөзде қатаң желіні жақтаушы Д.Ероғлы - сайлаушылардың 50,38 пайызының дауысын алды. Ал оның негізгі қарсыласы - елдің қазіргі президенті Мехмет Әли Талатқа сайлаушылардың 42,85 пайызы дауыс берді, деп хабарлайды Associated Press.
Дауыс берудің нәтижесі Кипрдің түрік солтүстігі мен грекиялық оңтүстігінің қосылуы жөніндегі келіссөзге айтулы түзетулер енгізуі ықтимал, дейді сарапшылар.
Естеріңізге сала кетейік, М.А.Талат екі елдің қосылуын қаласа, Д.Ероғлы Кипрде өзара байланысты, бірақ егемен екі мемлекеттің болғанын қолдайды. 1974 жылы Кипрді Грекияға қосу мақсатында гректер ұйымдастырған төңкерістен кейін түрік әскері аралдың солтүстік бөлігін басып алғалы бері, Кипр аралында екі бөлек мемлекет өмір сүріп келеді.