Танымал болатын тазыларды Қызылжар өңірінен шығарамыз деп сенемін - СҚО тұрғыны
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Дәуқара елді мекенінің тұрғыны Әнуар Құнанбаев ұлттық құндылықтарымыздың бірі – қазақтың тазысын өсіріп, көбейтумен айналысып жүр. Ол ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді, дзюдо спортынан балаларды жаттықтырады. Ал, ұлттың мақтанышына айналған, жеті қазынаның бірі – құмай тазыны өсіріп, баптау арқылы төл салтымызды насихаттап, жаңғыртпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
- Әнуар Амантайұлы, тазы өсірумен айналысуға не себеп болды? Бұл істі қолға алғаныңызға неше жыл?
- Тазымен айналысып жатқаныма шамамен 3 жыл. Бұл әрине, көп уақыт емес, бірақ аңшылыққа көп шыққасын, ауылда тұрғасын балалық шақтан тазы ұстауға қызығатынмын. Аңшылық, саятшылық қазақтың қанында бар ғой. Тағы бір себебі, осыдан шамамен үш жыл бұрын Көкшетау өңірінде тазылардың жарысы – «шырға тарту» жарысын қолға ала бастады. Оны әлеуметтік желіде жариялап, насихаттады. Сондағы бейнежазбаларды көріп қызығып, бір жағынан аңшы, екіншіден спортқа да жақын болғандықтан, тазы ұстаймын деп шештім.

- Тазы өсіру кәсіп пе, әлде хобби ме? Жалпы, қандай мақсатта өсіріп, бағып жатырсыз?
- Тазы өсіруді бәлкім біреулер кәсіп қылып отырған шығар, бірақ мен үшін ол хобби, себебі онымен кәсіп ретінде айналысу өте қиын. Кәсіппен материалдық пайда көру үшін айналысады, ал мұнда елге, жастарға насихаттап, біздің ұлттық құндылықтарды дамытуымызға пайдасы тиер. Біздің қазақ ретінде басқалардан айырмашылығымыз – ұлттық құндылықтарымыз ғой, тазы – жеті қазынаның бірі. Қолымыздан келіп жатқасын, ауылда тұрғасын, ыңғайлы болғасын тазы асырауды жөн көріп отырмыз. Мақсатым – өзге елдерден кем болмай, құндылықтарымыздың деңгейін көтеруге ат салысу. Ауылда бір мен емес, төрт жігіт осы істі қолға алдық. Шынында, «бір оқпен екі қоянды атқандай», тазымен аңшылыққа да шығамыз, екіншіден бұл – спорт. Жарыстарға қатыстырамыз.

- Олардың тектілігі, жалпы қанының тазалығы қалай анықталады?
- Тазы алған кезде әрине оның тектілігіне бірінші кезекте назар аударамыз. Тегі мықты тазылар өжет, жүйрік болып келеді. Мінез-құлқынан білініп тұрады. Тазы өсірумен ежелден айналысып келе жатқан ағаларымыз тазының түріне қарап-ақ оның тазалығын ажырата алады. Айтуларынша, көзінен адамға тән тереңдік пен тектілікті көруге болады. Кезінде қасқыр алатын тазылардың бойының ұзындығы 90 см асқан, ірі болған. Жалпы, оның тектілігі күшік кезінен байқалады. Тазы үй қоритын ит емес, ол аң аулауға, саятшылыққа жаратылған.

- Тазының жарғақ құлақты және шашақ құлақты екі түрі болады екен. Сіз қандай түрін өсіріп жатырсыз? Неліктен?
- Солтүстік өңірде негізінен шашақ құлақты тазыларды өсіреміз. Ал жарғақ құлақты тазылар, менің білуімше, батыс жақта көп таралған. Мүмкін, табиғаттың ерекшеліктеріне байланысты шығар…
- Қазақ иттің тектісі – тазы деп жатады. Иттің бұл түрін осылайша қастерлеуге не себеп?
- Тазының қазақ үшін орны бөлек. Себебі, үлкендердің айтуынша, бір ауылды аштықтан алып қалған кездері болыпты. Одан бөлек, өте таза ит, басқаларын үйге жолатпаса да, ата-бабамыз оны киіз үйдің ішінде ғана ұстаған екен. Отбасы мүшесіндей қастерлеген.

- Басқа иттерден айырмашылығы неде?
- Болмысы бөлек, артық еті жоқ, өзіне тән сұлулығы бар жануар. Тазы аңшылық үшін жаралған, оның жүйріктігінен бөлек із кесу, иісшілдік қасиеті жақсы дамыған. Демек, бір ғана емес, бірнеше функцияны қатар орындайды. Өзі аңды іздеп тауып, шығарып, ала береді. Алғыр, жыртқыштан сескенбейтін мінезі, қырда қыбыр еткенді бірден байқайтын қырағылығы бар. Ақылды ғана емес, одан бір тәкаппарлықты да байқаймын.
- Қалай күтіп-баптау керек?
- Мен тазыларымды аулада бос ұстағанды жөн көрем. Оған жағдай бар. Күні бойы жиналған энергиясын тарқатуы керек, ойнайды, бір-бірін қуады. Міндетті түрде аптасына екі-үш рет серуенге алып шығып, аң қуғызып, жүргізіп қайту керек.
Тазы жуынды ішпейді, оған тамағын сатып әкеліп, пісіріп береміз. Бірақ, күнделікті ет берудің қажеті жоқ. Оның кері әсері болуы мүмкін. Жалпы тамағы туралы айтар болсақ, дәрумендерді де ұмытпаған жөн. Салмағын да бақылауда ұстау керек. Сондай-ақ, тиісті екпелерін де уақытында салдырып отыру қажет.

- Иттеріңізді таныстырып кетіңізші, ішінде чемпиондар бар ма?
- Тазыларымның біреуі – Құмар, оны көп жерде танып жатады. Тегі де мықты, қаны да мықты. Енесі Тасқын деген кезінде Қазақстанның чемпионы болған. «Асыл қазына» атты үлкен чемпионаттың кубогін жеңіп алған. Көкнай, Құралай деген тазым бар. Олар – жас тазылар, олардан да жақсы чемпиондар шығатынына үміттімін. Тектері мықты, бірінен-бірі асқан күшіктеріміз бар. Ал, Құмардың алған жүлделері жетерлік, ол жүйріктігін бәрімізге дәлелдеді. Бірақ, биыл бір жарыста басқа тазылармен төбелесіп, жарақат алып, енді жарысқа қатысуды доғарып жатыр.

- Жарыстарға жиі қатысып тұрасыздар ма?
- Әлбетте, тазыларды жарыстарға жиі шығарамыз. Нәтиже жаман емес. Өзіміз де соңғы екі жыл бойы облыстық деңгейде жарыс ұйымдастырып келеміз. Биыл көрші өңірлерді де қатыстырдық. Бұл жұмысты жалғастырамыз, аты аңызға айналған тазыларды өзіміздің Қызылжар өңірінен шығарамыз деген сенімдемін.
- Тазының тұқымы құрып кетудің аз-ақ алдында тұр дегенді жиі естиміз. Неге таза қанды қазақы тазыны брендке айналдырып, әлі күнге дейін патент ала алмай жүрміз?
- Тазының құрып кетуге аз қалғаны шындық деуге болады. Бірақ, тазыны асырап жатқандар аз емес, жеткілікті. Біз оны жарыс өткізгенде, аңға шыққанда көріп жатамыз. Бір-бірімізбен күшік алмасып, әлеуметтік желі арқылы да байланысып тұрамыз. Мәселе көбінің құжатының жоқтығында. Осыдан біз тазыны патенттей алмай отырмыз, өйткені құжаты барларының саны оны меншіктеп алуға жеткіліксіз. Ал патент алу үшін саны мыңнан асуы керек екен.
- Тазыға құжат алу қаншалықты қиын, неліктен тазы өсіретіндер оны құнттай қоймайды?
- Мен де енді бұл істі қолға алып, тазыларыма құжат істете бастадым. Аса қиындығы жоқ. Екі кезеңінен өтіп, 10 мың теңге жұмсадым. Тіркеуге қоятын арнайы жекеменшік сарапшылар бар. Бірақ, тазы ұстайтындардың басым бөлігі ауылда тұрады, олар итті құжаттауға бас қатырғылары келмейді.

- Құмай тазы жоғалып кетпеуі үшін, сіздің ойыңызша не істеу керек?
- Қазір тазы өсіріп жатқандардың барлығы одан керемет пайда көріп жатыр деп айта алмаймын, пайдасынан шығыны көп. Тазы ұстаумен оны жақсы көргендіктен ғана айналысады, ұлттық құндылық деп бағалайтын азаматтар ұстайды. Оларды бүгінгінің сал-серілері деуге келеді. Өйткені, тазыны асырап-бағу үшін де, жарыс ұйымдастыру, оған апару – бәріне қаражат керек.

Ауылымызда тазы өсірумен төрт жігіт айналысып жатқанымызды айттым ғой. Бәріміз бірге бағып, өсіріп жатырмыз. Болашақта бірігіп, бір питомник ашуды жоспарлап отырмыз. Жерді дайындап, тәлімбақ салып, барлық тазыларымызды бір жерде баптап, үлкен чемпион шығарсақ деген ниетіміз бар. Осылайша, тазының жоғалып кетпеуіне, құндылығымызды сақтауға қолымыздан келгенше үлес қосамыз.
Жалпы, мемлекеттен қолдау керек деп ойлаймын. Мәселен, қазіргі «шырға тартуды» ұлттық спорт түрлері қатарына қосу, тазыларды құжаттандыруда көптеген жеңілдіктер жасау, өңірлерде көрмелер ұйымдастыру, міне сол кезде ғана тазымыз құрымайды. Одан әрі саны көбейеді, қызығушылар да артады.
- Әңгімеңізге рахмет!