Танымал DJ Бозжыра шатқалында бейнебаян түсірді
АҚТАУ. ҚазАқпарат - DJ Аzi Ray лақап атымен танымал Азиза өзінің жаңа туындысын Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында орындады. Әлеуметтік желі қолданушылары музыкалық туындымен қатар, бейнебаяндағы әсем табиғатқа ерекше тамсанып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Азиза Маңғыстау облысында түсірілген «Silk Sound» атты бейнеролигін Instagram желісіндегі парақшасында жариялады. Ол өзінің жазбасында мұндай форматтағы видеоны бірінші рет түсіргенін айтқан.
«Өте әсем табиғат, ерекше жер. Өзімнің бүкіл сезімімді музыка арқылы жеткізгім келді. Сіздер де сол сезімді сезінесіздер деген ойдамын», - деді ол.
Ал, әлеуметтік желі қолданушылары әуеннің ұялы телефон рингтонына ұқсайтынын жазған.
Маңғыстау облысы туризм басқармасының басшысы Мәулен Ғабдулқалиев жаңа роликтің аймақ туризмін дамытуға үлес қосатын жаңа қадам екенін айтады.
«Инстаграм желісінде күнделікті қаралым жинап жатқан DJ Azi Ray лақап атымен танымал Азизаның бейнеролигінде Бозжыра шатқалы көпшіліктің назарына ілінгені сөзсіз. Сондықтан да, мұндай видеолар, клиптер туризм саласын дамытуға пайдалы», - деді ол.
Осы орайда, басқарма басшысы өңіріміздің оңтүстік және солтүстік бағытында 200-ге жуық тарихи-мәдени орын бар екенін айтып өтті.
«Саяхатшылар көбіне түбектің оңтүстік беткейіне саяхат жасайды, яғни туристер «Бекет ата» жерасты мешіті мен Бозжыра шатқалының тұмса табиғатын көруге арнайы ниет етіп барады. Жалпы, өңірде 13 мыңнан астам тарихи-мәдени, өлкетану ескерткіштері бар, яғни мәдениет саласына біздің туристік нысандардың қосар үлесі мол», - деді Мәулен Ғабдулқалиев.