«Тапа-талтүсте» алтын ұрлағандар қолға түсті
ҚАРАҒАНДЫ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат - Қарағандыда Конституция күнін мерекелеу қарсаңында Майқұдық ауданындағы дүкендердің біріне тапа-талтүсте қарақшылық шабуыл жасалды. Оқиға тамыздың 29-ы күні орын алды. Дүкенге бетперде киіп кіріп келген үшеу витрина әйнектерін сындырып, тоғыз қорап алтынды алып кеткен. Жалпы шығын 5 млн. 600 000 теңгені құрады, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.
Дүкенде қарақшылық шабуыл фактісінің орын алғаны туралы ақпарат алған полиция қызметкерлері сол сәтте іздестіру жұмыстарына кірісіп кетті. Құқық қорғаушылардың жіті қимылының арқасында алтын ұрлау фактісі «ізін суытпай» ашылды. Сол күні кешкісін қала орталығынан «Ауди-80» автокөлігінің жүргізушісі ұсталды. Ол ұрланған алтындар мен қарақшылық шабуыл жасағандардың қайда жасырынғанын айтып берді. Сөйтіп күдіктілер қолға түсті. Алтын бұйымдар тәркіленді.
Қарақшылық шабуыл жасаушылардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, олар уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.