Тапаншадан оқу ату спорты елімізде қалай дамып келеді – маманмен сұхбат

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сәуір айында елордалық полицейлер практикалық тапанша атудан Қазақстан кубогын жеңіп алған еді. Бұл спорт түрі елімізде кеңінен таралып келеді. Отан қорғаушылар күніне орай, ҚазАқпарат агенттігі кубок жеңімпазы, елордалық Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері, капитан Ерлан Базарбаевпен практикалық оқу ату спортының ерекшелігі жөнінде сұхбаттасқан еді.
None
Фото: жеке мұрағаттан

Айта кетейік, практикалық оқ ату кәсіби спорт ретінде өткен ғасырдың 50-жылдары АҚШ-та бастау алды. Онда бірнеше қару түрлері – тапанша, винтовка, бытыралы мылтық қолданылады. Халықаралық практикалық ату конфедерациясы (IPSC) 1976 жылы құрылған. Қазақстанда бұл спорт 2010 жылдары белсенді жүргізіле бастады.


Капитан Ерлан Базарбаев 33 жаста. Ол Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданында дүниеге келген. Көкшетау қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы кадет корпусында білім алған және келісімшартпен әскери қызмет атқарып, Петропавл қаласының Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында жұмыс істеген. Ал 2020 жылдан бері Е. Базарбаев елорданың полиция сапында қызмет етіп келеді.

«Полицей болуды бала кезімнен армандадым. Өйткені, бұл марқұм әкемнің мамандығы еді, кішкентай кезімде оның полицей формасымен жүретіні есімде қалыпты. Әкемді үлгі тұтып, осы мамандықты таңдадым. Атам да – Ұлы Отан соғысының ардагері, аға лейтенант шенімен соғыстан оралған. Туған ағам – әскери қызметші. Сондықтан, 7 мамырды отабсылық мерекеміз деуге болады», - деді Е. Базарбаев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Жұмыс барысында жылдам қимылдайтын жасақ түрлі қылмыстың жолын кесуге, қауіпті қылмыскерлерді ұстауға жіберіледі. Одан бөлек, Ерлан Базарбаев АҚШ-тың жедел медициналық техниктер қауымдастығының курсынан өтіп, зардап шеккендерге жедел жәрдем көрсету бойынша нұсқаушы атанған.


Қазіргі уақытта Ерлан Базарбаев жас әскерилерді медициналық дайындық, жедел жәрдем көрсету, атыс, пышақ айқасы, парашюттен секіру және суға сүңгу бойынша оқытады. 2017 жылдан бері практикалық атумен айналысып, Қазақстанның да, Астананың да чемпионы атанған.

«Практикалық оқу ату спортымен Қазақстанның барлық әскери міндеттілері, арнайы жасақтары айналысады. Бұл ату әскерилер үшін өте пайдалы, өйткені дәлдікті, жылдамдықты, аз уақытта нысанаға дәл тиіп, оқжатарды қайта қуаттау қасиеттерін ұшайтын спорт. Спорттық және жауынгерлік дағдылар дамиды, тұру, жату, тізерлеу сынды әр түрлі позицияларда оқ атуды, үнемі қозғалыста болуды, екі қолмен де бірдей тапанша ұстауды шыңдай түседі. Өйткені соғыс жағдайында сарбаз қай иыққа жарақат алса да, кез келген қолымен қару ұстай алуы керек. Елімізде бұл спортты дамытуда күш-жігерін аямаған азаматтар бар. Олар – Қазақстандағы Практикалық ату қауымдастығының президенті Нариман Маматұлы Әкімниязов, Практикалық ату бойынша Қазақстанның бас бапкері Заңғар Әділұлы Әлиев, ҚР ІІМ отставкадағы полковнигі Серік Мұқан-Мәдиұлы Омаров, әрине бізді жетелеп, қарудың қыр-сырын үйреткені үшін үлкен алғысымды білдіремін», - деп түсіндірді маман.


Практикалық оқу атуда әрбір сайысқа үлкен дайындықты талап етеді. Белсенді жаттығулар жасалады, бастапқыда қаруды дұрыс ұстау, дәлдеу, мылтық тартпасын үйрену мен тыныс алуды реттеу үшін қару оқсыз атылады.

«Яғни мұнда қаруды шығарып жай ғана шүріппені басу мүмкін емес. Нысанаға жылдам әрі дәлдікпен тиіп, келесі нысанаға жетіп, оны да құлату үшін арнайы қозғалыстар бар. Дұрыс тамақтану да үлкен рөл атқарады. Біз жарыстың алдында ет жемейміз, майлы тағам жемейміз. Өйткені жылдамдықты арттыру керек. Қанша жерден нысанаға дөп тисең де, соңғы болып келсең, ұпай саналмайды. Мәреге бірінші келіп, нысанаға оқ тимесе, ол да есептелмейді. Сондықтан, практикалық атыста жылдамдық пен дәлдікті бөліп-жару қиын», - дейді Ерлан Базарбаев.


Оның айтуынша, республикалық жарыстарда бәсеке өте жоғары болады, тапсырмалар да жылдан-жылға қиындап келеді.

«Оқу ату сайысы 12 жаттығудан тұрады. Әрқайсысының нысанасы мен тапсырмалары өзгеріп отырады. Үнемі айналып тұратын нысаналар, тасадан шығып, бірнеше секундтан соң қайта жасырынып қалатын нысаналар болады, соларды дәлдеп ату керек. Негізгі нысана қасында айыппұлдық нысана да болады, оған оқ тиіп кетсе – ұпай азаяды. Жаттығулар да қиындай түседі – қабырғаның, терезенің ар жағынан ататын сәттер де болады, түрлі кедергілер қойылады. Осындай қиын спортқа қазақ ұландарының икемі бар деп толық сеніммен айта аламын. Өйткені садақпен, мылтықпен оқ атқан ата-бабаларымыздың мергендік қабілеті жалғасып келеді», - дейді Ерлан Базарбаев.

Қазақстанның барлық аймағында практикалық оқу ату бойынша өкілдіктер жұмыс істейді. Алматы және Ақтөбе қалаларында оқ атудан ауқымды жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін үлкен базалар қалыптасқан. Сондай-ақ, Астана қаласы, Мемлекеттік күзет қызметі, Алматы, Петропавл, Павлодар қалалары практикалық оқ атуда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Қаруды серік еткен кәсіби мамандарды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!


Соңғы жаңалықтар