Тараз автобустарында жолақы 90 теңгеге қымбаттай ма

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда қоғамдық көліктегі жолақы 90 теңгеге көтеріледі деген мәлімет шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараз автобустарында жолақы 90 теңгеге қымбаттай ма

Бұл туралы агенттік тілшісіне Жамбыл облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков айтып берді. Басқарма басшысы әлеуметтік желілерде тараған ақпардың негізсіз екенін жеткізді. Оның айтуынша, Тараз қаласында жолаушы тасымалдаумен айналысатын мекеме басшылары жол жүру тарифін 90 теңгеге көтеру жөнінде тек ұсыныс білдірген. Алайда, ұсыныс  негізінде шешім қабылданбаған.

«Қоғамдық көлік тарифінің 90 теңгеге көтерілуі жайлы мәлімет жалған. Қазір бұл салада жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр. Әуелі жолаушылар айналымын айқындау мақсатында хранометраж жүргізіледі. Бұл өз кезегінде тасымалдаушы мекеменің табысы мен шығынын айқындайды. Аталған іс-шара Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп атқарылады. Оған жұмыссыз есебінде тіркелген 50-60 азамат тартылып, жыл соңына дейін қаладағы 43 бағыттағы 459 автобус қамтылады», -  деді Бақытжан Жәнібеков.

Сонымен қатар, ол жолаушылар айналымы, яғни тасымалданған адам саны анықталғаннан кейін жолақы ҚР көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен бекітілген тарифтерді есептеу әдістемесіне сәйкес қайта есептелетінін айтты. Есеп нәтижесінде ғана нақты шешім қабылданбақ.

«Бұл мәселені облыс басшысы Асқар Мырзахметов өз бақылауында ұстап отыр», - деген Бақытжан Жәнібеков шешім қабылдау барысында қоғамның пікірі, қалалық бағыттардағы автобус құрамының жаңартылуы және тұрғындардың әлеуметтік жағдайы міндетті түрде ескерілетінін  тілге тиек етті.

Айта кетейік, жуырда қалалық бағыттардағы автобустарға «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында электронды билет жүйесі енгізіле бастаған еді. Бүгінгі таңда компаниялардың қаржылық ұсынымдары зерделенуде. Бұл жүйе өз кезегінде жасырын қаржы айналымын болдырмауға септігін тигізбек.


Автор: Ғибрат Сембай