Тараз қаласында Жеңімпаздар форумы өтті (ФОТО)
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бүгін Жамбыл облысы орталығының «Достық» орталық алаңында «Елбасының жеңісі - бүкіл халықтың жеңісі!» атты Жеңімпаздар форумы өтті.
Арасында ардагерлер, дастар, этномәдени бірлестіктер мен жұртшылық өкілдері болған жеті мыңнан астам адам қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында жеңіске жетуін атап өту үшін жиналды.
Форум алаңға «Менің Президентім!» көлік марафонына қатысушылардың мемлекеттік тулармен безендірілген автомобильдермен келуінен басталды. «Нұрлы жол! Нұрсұлтан! Қазақстан!» жазулары бар ашық сары түсті жейделерді киген жас тараздықтар би флешмобын ұсынды.
«Жамбылдықтарға дауыс беру күні жоғары электоралдық белсенділік танытқаны үшін алғыс білдіргім келеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, аймақ бойынша келген сайлаушылардың саны 97,3 пайызды құраған, олардың 97,9 пайыздан астамы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді! Елбасының сайлаудағы жеңісі - бүкіл Қазақстан халқының жеңісі. Бұл Ұлт көшбасшысының Қазақстан мемлекетін дамытуға бағытталған атақты саясатын халық қолдауының нәтижесі. Сайлау қорытындылары - көпұлтты Қазақстан халқының Тұңғыш Президентке құрмет білдіруі мен терең сенімінің нәтижесі, оның қызметіне берілген жоғары баға. Жамбылдықтарды бұл жеңіспен, біздің жеңісімізбен шын жүректен құттықтаймын!» - деді өз сөзінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев.
«Достық» алаңында патриоттық әндер шырқалып, би ансамбльдері өнер көрсетті. Форум «Атамекен» әнінің бірігіп орындалуымен аяқталды.
Облыстық сайлау комитетінің алдын ала мәліметтері бойынша, Жамбыл облысында 503 мың 745 сайлаушы дауыс берген, бұл олардың жалпы санының 97,31 пайызын құрап отыр. Нұрсұлтан Назарбаев үшін сайлаушылардың 97,9 пайызы дауыс берсе, Әбілғазы Құсайынов 1,47 пайыз, ал Тұрғын Сыздықов - 0,63 пайыз дауыс жинаған.