Тараз тұрғыны ұрланған көлікті сатып алып, сот арқылы 6,5 млн теңгесін өндіріп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Тараз қаласының тұрғыны ұрланған автокөлікті сатып алғаннан кейін сот арқылы 6,5 млн теңгесін қайтарып алды.

полиция
Фото: Polisia.kz

Іс Тараз қалалық сотында қаралды. Даулы мәселе 2022 жылы шығарылған Hyundai Elantra автокөлігін сатып алу-сату келісіміне байланысты туындаған. Тараптар мәмілені 2024 жылдың маусым айында жасап, көлік құны 6,5 млн теңге болған.

Алайда сол жылдың қазан айында полиция қызметкерлері автокөлікті тәркілеген. Кейін оның Алматыда тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша заттай дәлел ретінде танылғаны белгілі болды.

Сот барысында көліктің бұрын заңды иесінің иелігінен ұрлық нәтижесінде шығып, кейін бірнеше рет қайта сатылғаны анықталды. Сонымен қатар көлік туралы мәліметтер техникалық төлқұжаттағы деректерге сәйкес келмеген.

Сот көліктің VIN-нөміріне де назар аударды. Дәл осындай сәйкестендіру нөмірі бар көлік Ресейдің Самара қаласындағы жарнама сайттарынан табылған. Бұл көлікті сату кезінде ұсынылған құжаттардың жалған екенін растаған.

«Сот талапкердің құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмейтін автокөлікті сатып алғаны туралы қорытындыға келді. Осыған байланысты оның талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылды», – деп хабарлады Тараз қалалық соты.

Сот шешімімен сатып алу-сату шарты бұзылып, жауапкер сатып алушыға 6,5 млн теңгені, сондай-ақ мемлекеттік баж бен өкілдің қызметіне жұмсалған шығындарды қайтаруға міндеттелді.

Айта кетейік, Таразда автосалон менеджері 8 жылға сотталды.