Тараз вокзалы маңынан табылған үнді жайрасы табиғи мекеніне жіберілді

АСТАНА. KAZINFORM – Тараз қаласындағы теміржол вокзалы аумағынан табылған үнді жайрасы табиғи мекен ету ортасына қайта жіберілді.

в
Фото: Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Үнді жайрасы Қазақстанның Қызыл кітабына сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар жануар ретінде енгізілген.

Мамандардың айтуынша, кемірушілер тобына жататын бұл жануар негізінен таулы, жартасты және шөлейтті аймақтарды мекендейді.

Жуырда әлеуметтік желілерде Тараз теміржол вокзалы маңында жүрген үнді жайрасының видеосы тараған болатын.

Жануардың облыс орталығына қалай келгені әзірге белгісіз.

– Бұл аңның таулы аймақтан адамдар арасына түсуі өте сирек кездеседі, – дейді мамандар.

Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері, Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі мамандары мен еріктілер бірлесіп, жануарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын ұйымдастырды.

Нәтижесінде үнді жайрасы Ақсақалсай шатқалына, яғни «Жуалы-Қарашат» ерекше қорғалатын табиғи аумағына жіберілді.

Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұлов өңірде бұл жануардың саны артып келе жатқанын айтты.

– Жамбыл облысында үнді жайрасының саны 2024 жылы 134 бас болса, бүгінде 217 басқа жетті, – деді Нұрғали Ниязқұлов.

Айта кетейік, Ертіс орманында сирек кездесетін тарғақ құсы көзге түсті.