Таразда «Ақсай» базары өртенді: қылмыстық іс қозғалды

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараздағы «Ақсай» базарының жұмысы тергеу процесі толық аяқталғанша уақытша тоқтатылады. Бұл туралы кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қала прокуроры Жамбыл Сматов, Тараз қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Әскер Сарбатов, Тараз қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы Ардақ Мәдімаров зардап шеккен кәсіпкерлермен кездесті.

«Оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның алдын ала себебін анықтау үшін екі жедел-тергеу тобы құрылып, өрт-техникалық сараптамасы тағайындалды», - деді қалалық полиция бөлімінің бастығы Ардақ Мәдімаров.

Тараз қаласының прокуроры Жамбыл Сматов мұндай жағдайдағы басты мәселелердің бірі шығын мен оның көлемі екенін атап өтті.

«Осыған орай, кәсіпкерлер құрылған тергеу тобының қызметкерлеріне өз бизнесіне, яғни құжаттамаға, келісім-шарттарға, тауардың көлемі мен жалпы санына қатысты ақпарат беруі керек. Нәтижесінде шығын көлемі толық есептелетін болады», - деді қала прокуроры.

Әкімдік қызметкерлері мен кәсіпкерлердің арасынан басқа кәсіпкерлерді жедел-іздестіру шараларының барысы мен талап етілетін әрекеттер туралы жедел хабардар ететін бастамашы топ құрылды.

Хабарланғандай, Таразда жұма күні «Ақсай» базарындағы жеке екі қабатты коммерциялық ғимараттың шатыры өртенді. Көрсетілген өрт аумағы 1050 шаршы метрді құрайды. Өрт салдарынан 25 жастағы азаматтық қорғау сержанты, сондай-ақ дәрігерлер жүйке ауруы деген диагноз қойған 39 және 55 жастағы екі әйел зардап шекті.

Сауда орталығы ғимараты мен 44 дүңгіршектің шатырын шарпыған өртті сөндіруге жамбылдық құтқарушылар бір сағаттан астам уақыт жұмсады. Төтенше жағдайлар департаментінің 64 қызметкері мен 17 техника жұмылдырылған.

Фото Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар
telegram