Таразда анасы екі баласын терезеден лақтырып жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Бесінші қабаттан құлаған екі бала ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Оларға қажет көмек көрсетіліп жатыр. 5 жасар қызға ертең операция жасалады.

больница, медицина, мед персонал, аурухана
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Облыс орталығының 36 жастағы тұрғыны ауыр эмоционалдық жағдайда 5 жасар қызын және 3 жасар ұлын бірінен соң бірін терезеден лақтырып жіберді. Содан кейін ол өзі де секірмек болған. Екі бала тірі қалды, бірақ ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілді.

Дәрігерлердің айтуынша, балалар қатты зардап шеккен және қазір бақылауда жатыр.

2021 жылы туған бала ауруханаға көптеген жарақатпен түсті. Дәрігерлер бас жарақаты және мидың қабынуы, сондай-ақ жамбас сүйегінің сынуы диагнозын қойды. Сондықтан қыз баланың сынған сүйектерін қалпына келтіру үшін операция жасалмақ.

2023 жылы туған бала бас миының жарақаты диагнозымен ауруханаға түсті. Оған компьютерлік томография және бірқатар тексеру жасалды.

Полиция мәліметіне қарағанда, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұл оқиға бойынша екі кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Еске сала кетейік, 2025 жылы 30 шілде күні Павлодарда әйел екі баласын терезеден лақтырып, өзі де секіріп кеткен.

 

Соңғы жаңалықтар