Таразда Ата Заңға арналған ғылыми конференция өтті (ФОТО)

Алқалы саяси жиынға қатысушылар алдымен көрмеге қойылған ТарМПИ студенттерінің шығармашылық жұмыстарымен танысты. Конференция басында аталған оқу орнының проректоры Орынқыз Жолдасова сөз сөйлеп, Ата Заңның айшықты қағидаттарына назар аударып, тоқталып өтті. Тарих ғылымдарының кандидаты Зағира Тоқбергенова «Бастауы кең Ата Заң» тақырыбында баяндама жасады. Ол мемлекет саясатының түп қазығы Конституция екеніне назар аудара келіп, оның елімізде қалыптасу жолдарын саралай әңгімеледі. Тәуелсіздік пен тұрақтылықтың емен ұстыны, теңдессіз тартуы, берік тұғыры - Ата Заң турасында байырғы ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлжәмила Жолдасова, «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қасымхан Төлендиев толымды пікірлер айтып, ата-бабалар армандаған азаттықты айқындайтын, тәуелсіз елдікті танытатын, әрі бүгінде дербес мемлекет екендігімізді көрсететін қастерлі құжаттың маңызын аша түсті. Конференция барысында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, тәрбие жұмыстарындағы белсенділіктері үшін бір топ қызметкерлерге Алғыс хаттар тапсырылды.