Таразда базардағы өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетіледі

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Өртенген дүңгіршектердің иелеріне жергілікті билік қолдау көрсетеді. Кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуінде келтірілген шығынды қолдау шаралары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, барлығы 90 кәсіпкер шығынға батқан. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қала прокуроры Жамбыл Сматов, Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Әскер Сарбатов, қалалық ішкі істер басқармасының басшысы Ардақ Мәдімаров зардап шеккен кәсіпкерлермен әңгімелесті.

Қала басшысы өрт қауіпсіздігі бойынша бұрын атқарылған шараларды еске салды.

«2022 жылдың 15 желтоқсанында сауда кәсіпорындары басшыларының қатысуымен өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша арнайы кеңес өтті», - деді Бақытжан Орынбеков.

Жиын барысында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Әскер Сарбатов сауда нысандарындағы кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстарын айтты. Осы ұсыныстар негізінде хаттама жасалып, тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына және кәсіпкерлік субъектілеріне жолданады. Жиынға «Ақсай» сауда орталығының қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жауапты өкілі де келді.

«Өкінішке орай, бүгін оқыс оқиға болды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, әрбір зардап шегуші өз қызметін жалғастыру үшін қаланың басқа да сауда орындарынан уақытша орынмен қамтамасыз етіледі. Осы нарықтағы кәсіпкерлердің бизнес үшін алған несиелерін ұстап қалу және төлеуді уақытша тоқтату туралы банктермен келіссөздер жүргізілетін болады. Тергеу процесі толық аяқталғанша базар әзірге жұмыс істемейді. Сараптама қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге келтірілген шығын көлемі толық есептеледі», - деген қала басшысы жағдайдың жеке бақылауында екенін атап өтті.

«Отырыс соңында әкімдік қызметкерлері мен кәсіпкерлердің арасынан басқа да кәсіпкерлерді жедел-іздестіру шараларының барысы мен талап етілетін іс-әрекеттер туралы жедел хабардар ететін бастамашыл топ құрылды», - деп нақтылады ведомство.

Хабарланғандай, Таразда жұма күні «Ақсай» базарындағы жеке екі қабатты коммерциялық ғимараттың шатыры өртенді. Көрсетілген өрт аумағы 1050 шаршы метрді құрайды. Өрт салдарынан 25 жастағы азаматтық қорғау сержанты, сондай-ақ дәрігерлер жүйке ауруы деген диагноз қойған 39 және 55 жастағы екі әйел зардап шекті.

Сауда орталығы ғимараты мен 44 дүңгіршектің шатырын шарпыған өртті сөндіруге жамбылдық құтқарушылар бір сағаттан астам уақыт жұмсады. Төтенше жағдайлар департаментінің 64 қызметкері мен 17 техника жұмылдырылған.

Фото Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар
telegram