Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Таразда бесінші баласын дүниеге әкелген көпбалалы ана көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Таразда бесінші сәбиін босанғаннан кейін қайтыс болған әйелдің өліміне қатысты мән-жай анықталып жатыр. Бұл ақпаратты Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.

Таразда бесінші баласын дүниеге әкелген көпбалалы ана көз жұмды
Фото: liter.kz

Ведомствоның мәліметінше, әйел жүктілік кезінде Т. Рысқұлов аудандық орталық ауруханасында есепте тұрған. 9 маусым күні ол жоспарлы түрде босандыру үшін Жамбыл облыстық перинаталдық орталыққа жатқызылған.

Медициналық көрсетілімдерге байланысты дәрігерлер операция арқылы босандыру туралы шешім қабылдаған. 12 маусымда әйел өмірге дені сау ұл баланы әкелді.

Дәрігерлердің айтуынша, босанғаннан кейінгі кезеңде науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Оны емдеуге облыстық және республикалық деңгейдегі мамандар жұмылдырылып, барлық қажетті диагностикалық тексерулер, хирургиялық операциялар мен реанимациялық шаралар жүргізілген. Соған қарамастан, дәрігерлер әйелдің өмірін сақтап қала алмады.

Марқұмның туыстарының айтуынша, кесір тілігінен кейін әйелдің дене қызуы көтеріліп, жағдайы күн өткен сайын нашарлай бастаған. Олардың сөзінше, кейінгі күндері науқас бірнеше медициналық мекеме арасында ауыстырылып, емдеу барысында бірнеше операцияны бастан өткерген және жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған.

Сондай-ақ туыстары дәрігерлердің оларға операциядан кейінгі ауыр асқынулар, оның ішінде қабыну үдерісі, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік дамығанын айтқанын жеткізді. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Оқиғаның нақты себептерін мамандар анықтайды. Бұл іске Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеру жүргізеді. Сонымен қатар Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы жұмыс тобын құрды.

— Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін анықталады, — деп хабарлады ведомство.

Денсаулық сақтау басқармасы емдеу барысына қатысты өзге мәліметтерді жариялаудан бас тартты. Ведомство мұны «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 273-бабымен түсіндірді. Аталған нормаға сәйкес, науқастың диагнозы, денсаулық жағдайы және оған көрсетілген медициналық көмек туралы мәліметтер дәрігерлік құпия болып қалады.

Айта кетейік, Ақтөбедегі дауыл кезінде зардап шеккен жүкті әйел жансақтау бөлімінде жатыр.