Таразда дрифт жасаған жүргізуші қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Тараз қаласында қоғамдық жолда дрифт жасаған 22 жастағы BMW автокөлігінің жүргізушісі бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықты әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықтаған.
Белгілі болғандай, жүргізуші қала көшелерінің бірінде дрифт жасап, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Сондай-ақ түнгі тыныштықты бұзып, жол жабынына зақым келтірген.
Сот шешімімен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, оған бес тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
– Ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында дрифт жасау – қызық көрініс емес, бұл айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін заң бұзушылық. Мұндай әрбір дерек жедел түрде анықталып, кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деп ескертті полиция.
Айта кетейік, Алматыда дрифт жасаған тағы бір жүргізуші жазаланды.