Таразда бала тәрбиесіне салғырт қараған анаға 64 мың теңге айыппұл салынды
ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысында кәмелетке толмаған екі баласының көзінше ішімдік ішіп, оларды тәрбиелеу міндетін бірнеше рет орындамаған әйелге 64 875 теңге айыппұл салынды.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаматша Б.-ға қатысты әкімшілік істі қарады.
Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылдың тамызында Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тұрғыны жұбайымен бірге Тараз қаласында уақытша тұрып жатқан үйінде орташа дәрежеде мас күйінде болған. Үйде оның 2024 және 2025 жылы туған екі баласы да болған. Бұл туралы полицияға көршілері хабарлаған.
Тексеру кезінде үйдің санитариялық жағдайы талапқа сай еместігі және балалардың қалыпты дамуына қажетті жағдайлардың толық жасалмағаны анықталған.
Сонымен қатар сот әйелдің осы айдың басында ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылғанын анықтады.
Сот отырысында азаматша Б. балалардың көзінше жұбайымен бірге ішімдік ішкенін мойындап, кінәсін толық растады.
ӘҚБтК-нің 127-бабы 2-бөлігі бойынша мұндай құқық бұзушылық үшін 15 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу қарастырылған.
Сот кінәні мойындауды және кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
— Нәтижесінде әйел осы бап бойынша кінәлі деп танылып, оған 15 АЕК, яғни 64 875 теңге айыппұл салынды. Сот қаулысы заңды күшіне енді, — делінген сот таратқан ақпаратта.
Осыдан бұрын Астанада жаңа туған баланы заңсыз бергені үшін анасы ата-ана құқығынан айырылғанын жазғанбыз.