Таразда екі дүкеннің ғана пиротехникалық өнімдер сатуға рұқсаты бар
ТАРАЗ. KAZINFORM — Жаңа жыл қарсаңында Тараз тұрғындары салюттар мен фейерверктерді жапа-тармағай сатып алып жатыр. Ал Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаменті пиротехникалық өнімдер заңды түрде тек мамандандырылған сауда орындарында ғана сатылатынын ескертті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Сертификатталған пиротехникалық өнімдерді сатуға ресми рұқсат екі дүкенде ғана бар болып шықты. Біріншісі — Сыпатай батыр көшесі, 13Б мекенжайында орналасқан «TARAZ-SALUTE Company» ЖШС. Екіншісі — Ұлы Дала шағынауданы, 31-үйде орналасқан «BTR Company» ЖШС.
Департаменттің мәліметінше, аталған екі ұйым да бұл нарықта бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді және қазіргі уақытта қаладағы пиротехникалық бұйымдарды сататын жалғыз ресми тіркелген сатушылар болып табылады.
— Пиротехникалық өнімдерді сатып алу кезінде сатушыдан міндетті түрде сәйкестік сертификаттарын талап ету қажет. Әрбір бұйымда мемлекеттік және орыс тілдерінде егжей-тегжейлі нұсқаулық болуы тиіс. Сондай-ақ жарамдылық мерзіміне ерекше назар аудару керек, себебі мерзімі өтіп кеткен пиротехниканы қолдануға қатаң тыйым салынады, — деді Жамбыл облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Дархан Қалдырбек.
Ол сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз пайдалану ережелерін еске салды.
— Пиротехниканы тұрғын үйлер мен тез тұтанатын заттардан кемінде 20 метр қашықтықта орнатуға болады. Оны бастырмалардың астында, ағаштардың астында және қатты жел кезінде қолдануға тыйым салынады. Фитильді алыстан қолды созып тұтатып, оған еңкеймей және бетке тым жақындатпай жағу керек, сондай-ақ пиротехника жанында темекі шегуге болмайды. Салюттар мен фейерверктерді адамдар мен жануарлар бағытына бағыттауға, сондай-ақ жанып тұрған бұйымдарға 15 метрден жақын баруға тыйым салынады. Пиротехникалық бұйымдарды тек 18 жасқа толған тұлғалар ғана қолдана алады. Балаларға мұндай бұйымдарды қолына беруге және оларды қараусыз қалдыруға болмайды. Сонымен қатар көзге көрінетін ақаулары бар бұйымдарды қолдануға немесе оларды бөлшектеуге жол берілмейді, — деп атап өтті маман.
Өткен жылы өрт сөндіру қызметкерлері пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатудың 147 дерегін анықтаған. Ең көп заңбұзушылықтар Тараз қаласында, сондай-ақ Қордай, Шу және Меркі аудандарында тіркелген.
Айта кетсек, жуырда Түркістан облысында пиротехниканы дұрыс пайдаланбау салдарынан екі бала жарақат алды.
Ал тілшіміз Жаңа жыл кезінде қай жерлерде пиротехника қолдануға тыйым салынатынын жазды.