«Таразда ерекше қабілетті «магнит бала» бар» - баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Жамбыл облысының орталығы - Тараз қаласында түрлі металл заттарды денесінде ұстап тұра алатын «магнит бала» табылды. Бүгінде жасы 6-ға енді толып отырған Нұрдәулеттің ерекше қабілетін ата-анасы жақында ғана байқапты. Қазір баланың осы қасиеті күн санап артып келеді.
Немересінің осы қабілетін ең бірінші болып атасы байқапты. Ол теледидардан бір қарияның денесіне темір заттарды жабыстырып жатқанын көріп, соны өзіне жасамақ болған. Ештеңе шықпаған соң жанында ойнап жүрген немересінің кеудесіне қасықты қойып көріп, таңғаларлық жайтқа кезігеді.
«Ата маған: «қасық әкел» деді. Әкеліп беріп едім, атаға жабыспады. Маған жабысты. Сосын үйдегілердің бәрін шақырып, айтып берді», - дейді Нұрдәулет Арыстанбек қазір.
Бала мектептің даярлық тобында оқиды. Алғашында оның кеудесіне тек бір қасық қана жабысқан екен. Кейін келе бойындағы белгісіз күш күннен-күнге арта түсіпті. Осылайша соңғы 10 күнде тартылыс бірнеше есеге өскен. Ал қазір оның денесі тұтас планшетті ұстап тұра береді.
«Денесіне жабысатын заттар саны күн өткен сайын көбейіп жатыр. Қазір төрт, алты қасыққа дейін барды. Содан кейін ұялы телефонды жабыстыру туралы ой келіп, оны да көрдік», - дейді Нұрдәулеттің атасы Арыстанбек Қарақұлов. Осы жайында « Таразда ерекше қабілетті «магнит бала» бар » атты материалда берілген.
Бас басылымда «Қымыз» атты мақала көпшілік назарына ұсынылған.
Қазақтың ішсең таңдайыңды үйіріп, көңіліңді шалқытатын, шөліңді басатын қадірлі сусыны қымыз туралы көптен бері айтылып та, жазылып та келеді. Өткен аптада сондай бір алқалы жиын Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Қымыз-2015» деген атпен ІІІ халықаралық форум болды.
Онда еліміздегі жылқы шаруашылығы, қымыз өндірудің жай-жапсары, ұлттық брендке айналдыру, табиғи тағамның қауіпсіздігін сақтау, бие сүтін кешенді өндіру мәселесі алға тартылды. Халықтық қалыпты заман талабына қарай жаңғыртып, қайтсек өркениет көшіне қосамыз деп әр кез үн көтеріп келе жатқан сенатор Қуаныш Айтаханов ұлттық тағам туралы өз ойларын тарата айтып, қымыз стандарты, сертификат туралы байламдарын талқыға салып, таяуда ғана Елбасы қол қойған «Органикалық өнім өндіру туралы» Заңның берер пайдасын тілге тиек етті. «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығының төрайымы, Президенттің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Шолпан Сыздықова қымыздың ұрпақ денсаулығына тигізер пайдасын нақты дәлелдермен атап өтті. Ал «Заң» ЖШС директоры, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың құрметті профессоры Дүйсенбек Ыбыналиев өзі басқарып отырған шаруашылықта 80-нен 100-ге дейін бие сауылатынын, ол ұлттық үлгі бойынша іске асатынын айтып, өздеріне жақсы маман қажет екенін еске салды.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, ел Парламенті Елбасының биылғы Жолдауын заңнамалық қамтамасыз ету ісін келесі жылға қалдырмай, оған қазірден кірісетін болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенат бюросының отырысында палатаның алдағы жалпы отырысының күн тәртібі келісілді. Жиынды ашқан Жоғарғы палата спикері сенаторларға Президенттің жуырда жариялаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауын түсіндіру және іске асыру міндетін жүктеді.
- Мемлекет басшысы таяу уақытта қаржылық секторды тұрақтандыру, бюджеттік саясатты оңтайландыру, жекешелендіруге қозғау салу және экономикалық бәсекеге қабілеттілікті нығайту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. - Әлемдік экономикадағы турбуленттілікті және халықаралық қатынастардағы тұрақсыздықты ескерсек, бұл Жолдау айрықша мәнге ие. Аталған құжат уақыттың сын-қатерлеріне сайма-сай жауап беруді қарастыратын нақты шаралардан тұрады. Сенаттың жұмысы, негізінен, Елбасының тапсырмаларын заңнамалық қамтамасыз етуге, сондай-ақ Жолдаудың негізгі ережелерін өңірлерде түсіндіруге бағытталады! - деп түйді Сенат төрағасы. Жоғарғы палата осы бейсенбідегі жалпы отырысында Президенттің ұсынуымен Жоғарғы соттың бір топ жаңа судьяларын сайлайтын болды. Олардың кандидатуралары кеше Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында алдын ала қаралды. Бұл туралы « Жоғарғы сот судьялары көбейеді» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Ғылыми жобалар ақша таба ма?» деген мақала жарияланды. Жақында ғылыми-зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландырудың тиімді жүйесін құру мәселелері талқыланған дөңгелек үстел өткені белгілі.
« Алқалы жиын барысында Қазақстанның және шет елдерден келген сарапшылар ғылыми-зерттеулерді коммерцияландырудың тиімді жүйесін құруға қатысты өз ойларын айтты. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда «Коммерцияландыру туралы» заңға қол қойғанын да айта кеткеніміз орынды болар. Сондықтан «бұл салада кімнің бағы жанып тұр?» деген сұрақты қою артық. Бірақ біздің қай деңгейде жұмыс істеп жатқанымыз ғалымдарды да, құзырлы орындарды да ойға қалдырады. Мәселен, америкалық CRDF Global азаматтық зерттеулер және даму қорының сарапшысы Олег Льянченко Қазақстанда ғылыми жобаларды коммерцияландыру ісіне көңілі толатындығын жеткізді»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Балалар ойыншығы өзімізде жасалады» деген мақала берілген. Кез келген бала үшін ең үлкен сыйлық - ойыншық. Ол - бала үшін ермек қана емес, сонымен қатар оның ой-өрісінің дамуына әсер етіп, қимыл-қозғалысы мен сезім ағзаларын жетілдіретін құрал. Бұрынғының баласы балшықтан бала жасап, шыбықты ат қылып мініп, асық ойнаса, бүгінгі баланың талғамы да, сұранысы да өзгеше. Қазір дүкендерде шетелдік сан алуан жылтырақ ойыншық самсап тұр. Алайда олардың сапасына күмән көп.
Қазір алсаң, бірер күнге жетпей сынып қалатыны бергі жағы, мамандар ол ойыншықтардың материалдарының құрамында бала ағзасына кері әсер тигізетін зиянды элементтер бар екенін айтып, дабыл қағумен келеді. Шымкенттегі ойыншық автокөліктер шығаратын «Наурыз пластик» зауыты осы олқылықтардың орнын толтыруды көздеп отыр.
«Рабиға Байтемірова - осынау шағын ғана кәсіпорынның басшысы. Бұған дейін өзі бірнеше жыл базарда ойыншық сатқан. Тауарларын Иран, Қытай, Өзбекстаннан әкеліп жүрген. «Қазақтың қолынан ойыншық жасау келмей ме? Осындай зауытты неге өзімізде ашпасқа?» Ойыншық сатушы келіншекке осы ой маза бермеген. Бар тапқанын басқаларға санап бергені аздай, күнкөріс үшін қазақ баласын ұлттық болмысына жат мәдениетпен тәрбиелеуге үлес қосып жүргеніне іштей намыстанады. Содан отбасымен ақылдасып, жиған-терген азды-көпті қаржысын осы кәсіпке салыпты»,-деп жазады басылым.