Таразда қаңтар қырғынында ұрланған 6 қару, гранаталар мен патрондар табылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық полицейлер 6 қару, гранаталар және 200-ден астам патрон тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таразда қаңтар қырғынында ұрланған 6 қару, гранаталар мен патрондар табылды

Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері жаппай тәртіпсіздік барысында ұрланған қаруды табу үшін күн сайын іздестіру жұмысын жүргізеді.

Жедел іздестіру кезінде полиция қызметкерлері облыс орталығының аумағынан 6 қару, 3 граната, 5 оқ жатар, резеңке таяқ және 216 патронды тапты.

Қару-жарақтың ішінде граната атқыш, шолақ және тегіс ұңғылы мылтық, Макаров тапаншасы, МР-355 тапаншасы, соғыс, газ және жарық-шу гранаталары, тапаншаның 5 оқ жатары және әртүрлі калибрлі 216 патрон болды.

Табылған қаруларға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.

Айта кетейік, қарудың, оқ-дәрінің, арнайы құралдардың қайда екенін хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адам басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Хабарлаған адамның жасырын қалуына кепілдік беріледі.