Таразда кәсіпкерлер тарихи қорық-музейдің бір бөлігін заңсыз иемденіп, сауда жасаған

ТАРАЗ. KAZINFORM – «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі Жамбыл облысының бес тұрғынының үстінен жерді пайдаланудағы кедергілерді жою туралы сотқа талап қоюмен жүгінген. Бұл туралы ҚР Жоғарғы соты мәлім етті.

Айша бибі кесенесі
Фото: Алексей Поляков / Kazinform

Музей-қорықтың иелігінде «Айша-Бибі» кесенесі бар, оған 2 гектар жер учаскесі тұрақты жер пайдалану құқығы берілген. 

Бұл участок әкімнің шешімі және жер пайдалану құқығы туралы актісі бойынша сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттарға арналған ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. 

— Бұл жерде бірнеше техникалық бөлмелер салынған. Алайда бес кәсіпкер бұл ғимараттарды заңсыз иемденіп, қазір оларда коммерциялық қызметпен айналысып отыр. Музей-қорық сотқа жүгініп, кәсіпкерлерді өздері тұрып жатқан ғимараттарды босатуды талап еткен, өйткені жауапкерлерде сауда жасауға рұқсаттары, сондай-ақ бұл үй-жайларды кәсіпкерлік үшін пайдалану құқығы мен құжаттары жоқ, — делінген сот хабарламасында.

 Сондай-ақ талап қоюшы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында сауда жасауға тыйым салынғанын атап өткен.

Төрт жауапкер талап қоюды мойындамаған, кәсіпкерлердің бірі даулы ғимараттарды 2010 жылы өз қаражатына салып, кейін оларға сауда жасау үшін тегін бергенін мәлімдеген. Бесінші жауапкер талап қоюды мойындаған. 

 Жамбыл аудандық соты кәсіпкерлер қорық-музейге тиесілі ғимараттарды заңсыз иемденген деген қорытындыға келді. 

Талап қою қанағаттандырылды: сот кәсіпкерлерге заңсыз иеленген үй-жайды босатуды міндеттеді.

Жауапкерлер бұл шешімге апелляциялық тәртіппен шағым түсірген. Алайда, Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырып отыр.

Қаулы заңды күшіне енді.

Бұған дейін хабарланғандай, Жамбыл облысында балалардың астан жаппай улану себебі айтылды.

Соңғы жаңалықтар