Таразда мұнаралы кранға шығып, секірмек болған әйел құтқарылды
Тараз қаласының Полиция басқармасы Жедел басқару орталығының кезекші бөліміне «102» телефонына хабарлама түсіп, қоңырау шалушы облыс орталығындағы 15 шағын ауданның аумағында белгісіз әйел биік құрылыс кранынан секірмек болып жатқанын айтқан.
ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына дереу аттанған патрульдік экипаж құрылыс кранының ең биік жерінде отырған әйелді көреді. Полиция қызметкерлерінің бірі ойланбастан кранға тез көтеріліп, әйелді өміріне қауіп төндіретін әрекетті жасамауға шақырған. Ұзақ жүргізілген сөйлесуден кейін, полицей оны көндіріп, төмен түсуіне көмектескен. Тәртіп сақшылары әйелдің мас күйде болғандығын анықтады. Полицейлер оны көрсетілген мекенжай бойынша үйіне апарып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын өткізді.