Таразда саудагерлерден бірнеше миллион теңгесін «қағып алған» азамат қамауға алынды

Құқық қорғау ведомствосының ақпаратынша, 43 жастағы Б. есімді азамат сауда саласында жұмыс істеп, қаражат жинап қана қоймай, көтерме саудамен айналысатындар арасында беделге ие болған.
«Оның алғашқы құрбаны - бағасы 5,7 млн. теңге қант топтамасын сеніп тапсырған көтерме саудагер. Ақшаға тоймаған Б. басқа саудагердің сеніміне кіріп, одан 9,9, млн. теңге алады. «Алдаудың» үшінші құрбаны 632 мың теңге көлемінде шығындалды», - деп баяндады баспасөз қызметінде.
Ұсталған азаматтың әрекеттері алаяқтық ретінде бағаланып, ҚР ҚК-нің 177 бабының 4 бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.
«Қазіргі кезде ұсталған азаматқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы алынды. Оның кінәсі іс бойынша жиналған материалдармен және жәбірленушілердің түсініктерімен толық расталды. Тергеу амалдары әлі жалғасуда», - деп түсіндірді Тараз қалалық ІІБ екінші полиция бөлімшесінің тергеушісі Шухрат Құдайбергенов.