Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Таразда жеке сот орындаушысы 1,1 млн теңгені жымқырғаны үшін сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Тараз қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру барысында жеке сот орындаушысының мемлекет пен банк ұйымдарының пайдасына аударылуы тиіс 1,1 млн теңгені жымқыру фактісі анықталды. 

СҚО-да сот орындаушылар 133,5 млн теңге табысты жасырған
Фото: gov.kz

Прокуратура мәліметінше, тексеру жеке сот орындаушыларының депозиттік шоттарына түскен қаражаттың қозғалысына жүргізілген.

Анықталғандай, сот орындаушысы үш борышкерден өндірілген ақшаны өзінің жеке шотына аударып, оны жеке қажеттілігіне жұмсаған. Соның салдарынан аталған атқарушылық іс жүргізулер аяқталмай, берешек өтелмеген.

– Осы факт бойынша 2025 жылғы 29 сәуірде ҚР Қылмыстық кодексінің 251-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тараз қаласының №2 сотының 2026 жылғы 23 маусымдағы үкімімен жеке сот орындаушысы кінәлі деп танылып, оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол үш жыл мерзімге жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу және атқарушылық іс жүргізуге, сот актілерін орындауға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Сонымен қатар сотталған адам рақымшылық жасау туралы актінің негізінде негізгі жазасын өтеуден босатылды. Үкім заңды күшіне енген.

Прокуратура тағы бір жеке сот орындаушысына қатысты да қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

– 2026 жылғы 17 мамырда 23 борышкерден өндірілген 8,2 млн теңгені өндіріп алушыларға аудармау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 251-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр, – деп мәлімдеді прокуратура.

Айта кетейік, Жамбыл облысында әкімшілік даулардың үштен бірі сот орындаушыларына қатысты.