Таразда жоғалған студентті іздеп жатыр

«2016 жылдың 3 наурызында Жамбыл стансасындағы Желілік ішкі істер басқармасына Виктор Прокопенконың жоғалғаны туралы өтініш келіп түскен. Ағымдағы жылдың 9 наурызында жоғалған азаматтың туыстары Жамбыл облысының ІІД-не өтініш жазған. Осыған байланысты жедел-іздестіру жұмыстары басталды. Барлық жерлерге Виктордың суреті бар тұспалдау жәберіліп, оның достары мен таныстары анықталып жатыр. Іздеудегі адам баруы мүмкін барлық жерлер тексерілуде», - делінген Жамбыл облыстық ІІД-нің хабарламасында.
Іздеу туралы хабарландырулар бүкіл қалада жабыстырылған, әлеуметтік желілерде оны көргендер В.Прокопенконың қайда жүргенін ата-анасына хабарлау туралы өтініштері жарияланған.
Жоғалған студенттің ата-анасы 2 наурыздың таңында көңіл күйі жақсы болған ұлы әдеттегідей сабаққа кеткенін, оны колледж ғимаратының қасында адамдар көргенін айтты. Сол күні ұялы телефонын үйінде қалдырып, тек сим-картаны ғана алып кеткен, ал жоғалғанға дейін бір апта бұрын «ВКонтакте» әлеуметтік желісі мен WhatsApp-та жеке парақшасын жойып тастаған екен.
Облыстық ІІД басшысының орынбасары Қалижан Шоңғарбаевтың «ҚазАқпарат» тілшісіне түсіндіруінше, аталған жағдайдың болуы мүмкін барлық нұсқалары қарастырылып жатыр. Бұл ретте студентті қаланың түрлі жерлерінде аман-есен жүргені туралы бірнеше белгі келіп түскен.