Тараздың шығыс жақтағы кіреберісінде құны жүз миллион теңгеден асатын қақпа пайда болады
ТАРАЗ. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Тараздың шығыс жақтағы кіреберісінде құны жүз миллион теңгеден асатын қақпа пайда болады.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, сәрсенбі күні аймақ басшысы Қанат Бозымбаевтың Тараз қаласы бойынша жұмыс сапары өтті. Ол Тараз-Алматы республикалық маңызы бар көлік жолымен қаланың шығыс жағындағы кіру қақпасының құрылысымен танысып өтті.
«Көне-Тараз» қоғамдық қорымен келісім бойынша сметалық бағасы 108,16 млн. теңге болатын нысанның құрылысын «Тараз Құрылыс Дизайн» ЖШС жүргізуде. Қаржыландыру аталған қоғамдық қордың есебіне келіп түскен демеушілік қаражат арқылы жүзеге асырылады.
Бұдан басқа, облыс орталығындағы жұмыс сапарының барысында аймақ басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру бағдарламаларының іске асырылуымен танысып өтті.