Таразға саяхат Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының білімін шыңдауға септігін тигізді

None
None
АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - «Ұлы Жібек жолы-Тараз» өлкетану-зерттеу экспедициясы оқушылардың білімін шыңдауға септігін тигізді.

Бүгін Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде аталған экспедиция нәтижелеріне арналған жиын барысында экспедиция басшысы, Астанадағы зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Сәуле Ахметова осылай мәлім етті.

Оның айтуынша, 16-26 маусым аралығындағы экспедицияға Зияткерлік мектебінің оқу жылын жақсыға аяқтаған 20 оқушысы қатысты. Олар өлкетану барысында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері сақталған ауылдарда болып, тарихи орындарды аралады. Үгіт-насихат акцияларын да жүзеге асырды.

«Біз көне әрі мұраларға бай Жамбыл облысның Тараз қаласында және Жуалы ауданында болып қайттық. Өрнек ауылында болдық, сонда халықтың ұлттық салт-дәстүрлерімен, қолөнерімен терең танысуға мүмкіндік алдық. Бұдан бөлек, ат үстіндегі ұлттық спорт ойындары, қазақша күрестерді де тамашалауға мүмкіндік болды», - дейді С.Ахметова.

Сонымен қатар, оқушылар Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туған ауылы - Жуалыда да болып, батырдың білім алған №45 мектебіне де барған. Оқушылар өлкені аралай жүріп, түрлі тақырыптар бойынша, оның ішінде Жамбыл облысының табиғатындағы ерекшеліктері туралы өздерінің жобаларын да жүзеге асыра алған. Сапар барысында астаналық оқушылар белгілі жазушы Шерхан Мұртазамен де кездескен.

Соңғы жаңалықтар