Тарбағатайдағы өрт тоқтатылып, ошақтары сөндіріліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысындағы Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына өткен дала өртінің таралуы тоқтатылды. Қазір өрттің бықсып жатқан ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, оған 284 адам мен 26 техника жұмылдырылған. Бұл туралы Экология министрлігі мәлім етті.
Министрліктің мәліметінше, 20 қыркүйекте Аягөз ауылдық округінде тіркелген дала өрті сол күні сағат 18:30-да Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Қарабұйрат орманшылығы аумағындағы мемлекеттік орман қоры жерлеріне өткен.
22 қыркүйек сағат 04:30-да өрттің одан әрі таралуы тоқтатылды. Өрт жиегі тұрақты. Қазіргі уақытта бықсып жатқан ошақтарды сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Ведомствоның дерегінше, сағат 12:00-дегі жағдай бойынша өрт сөндіруге орман күзеті, «Семей орманы» МОТР, Абай облысының ТЖД және жергілікті атқарушы органдарынан 284 адам мен 26 техника жұмылдырылған.
— Әуеден өрт сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» РМҚК және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің су төгу құрылғыларымен жабдықталған екі Ми-8 тікұшағы тартылды. Өрт сөндіру басталғалы 22 рет су төгіліп, жалпы 59 тонна су пайдаланылды, — делінген хабарламада.
Жұмыстар таулы жер бедері мен өрт сөндіру техникасы жете алмайтын учаскелердің болуына байланысты күрделенуде. Өрт негізінен мемлекеттік орман қорының ормансыз аумақтарын қамтыды.
Қарабұйрат ауылында жедел штаб құрылды. Жұмыстарды үйлестіру үшін оқиға орнында ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары М. Елемесов жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін өртті сөндіру жұмыстары 4 м/с-қа дейінгі қатты желге, таулы жер бедеріне және өрт сөндіру техникасы жете алмайтын жекелеген учаскелердің қолжетімсіздігіне байланысты қиындап отырғанын жазған едік.