Тариф белгілеудің өзекті мәселелері талқыланды

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде тариф белгілеудің және тұтынушылар мен қызмет берушілердің өзара іс-қимылының өзекті мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өтті.

Тариф белгілеудің өзекті мәселелері талқыланды

Бұл туралы ТМРА-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, Бас прокуратураның, Қаржы полициясының, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың басшылары қатысты.

Күн тәртібінде тұтынушылардың қосымша қуаттарын қосуға, электр энергиясы тарифтері деңгейлерінің және энергия өндіруші ұйымдар топтарының негізділігіне қатысты проблемалық мәселелер талқыланды. Кеңесті ашу кезінде дөңгелек үстелдің модераторы, ТМРА төрағасы Мұрат Оспанов 2008 жылғы 29 желтоқсанда «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қосымша ақы алуға немесе өзге де нысанда қосымша міндеттемелерді күштеп таңуға монополистерге тыйым салатын толықтырулар енгізілгенін атап өтті.

Сондай-ақ, «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан қосымша қуаттарды қосу кезінде тұтынушыларды электр энергетикалық объектілерді кеңейту мен реконструкциялау үшін энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың шығындарын өтеуге міндеттейтін норма алып тасталған, осы норма 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін қосымша қуаттарды қосқаны үшін төлемақы Қазақстанның 8 өңірінде алынған.

2009 жылғы 1 қаңтарға дейін ақы төлеген тұтынушыларға қаражатты қайтару жасалған шарттардың талаптарына және оларды жасасу кезінде қолданыста болған заңнамаға сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Агенттікке өткен жылы түскен өтінішхаттарды талдау қосымша қуаттарды қосқаны және техникалық шарттарды бергені үшін ақы алу фактілеріне байланысты тұтынушылардан шағым түспегенін көрсетті.

Алайда проблема бар. Электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау және газбен жабдықтау қызметтеріне қосқаны үшін тұтынушылардан, шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінен ақшалай қаражатты заңсыз алу фактілері кездеседі. Мысалы, Алматы қаласы мен Алматы облысында газбен жабдықтауға қосу үшін тұтынушылардан 150 000-нан 350 000 теңгеге дейін ақша алынады, осындай фактілер электр энергетикасы саласында да орын алған. Сонымен қатар электрмен және жылумен жабдықтау қызметтеріне қосу үшін ақшалай қаражатты талап ету фактілері Алматы қаласында, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында болған. Іс жүзінде ақшаны монополистердің өкілдері немесе қызметкерлері ала бермейді. Көптеген жағдайларда қаражат олармен аффилирленген тұлғалар арқылы жиналады.

Сондай-ақ бірқатар өңірде энергия беруші ұйымдар тұтынушыларға беретін техникалық шарттарда негізсіз талаптар белгіленген фактілері бар. Берілетін техникалық шарттардың негізділігіне, нормативтік құқықтық актілердің техникалық талаптарын сақтауға байланысты проблемалар туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әлиакпаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Жазылбеков, «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Талғат Доскенов сөз сөйледі.

Екінші «Электр энергиясына тарифтер деңгейінің және станциялар топтарының негізділігі» мәселесі бойынша Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Досқалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Жазылбеков, Николай Логутов сөз сөйледі.

Нормативтік техникалық ысыраптарды бекіту функцияларын іске асыру мәселесі жөнінде Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Анатолий Шкарупа сөз сөйледі.