Тарих таразысында ел басқарушылар мен ұлт зиялылары бiрдей жауапкер» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 31 қаңтар, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Алматы қаласы әкімдігінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Заңды тұлғалар және жылжымайтын мүлік құқықтарын тіркеу рәсімдерінің қысқартылуы» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы болып өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Кәсіпкерлік жүгі жеңілдейді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, алқалы жиында қала басшысы Ахметжан Есімов өткен жылда ел қаза-нына қосқан қала үлесінің көрсеткіштерімен таныстыра келіп, қала аумағындағы экономикалық салалардың жай-күйін, қаржы секторындағы өзгерістер мен әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты орын алған шектеулер жөнінде, халықты жұмыспен қамтудың мүмкіншіліктері жайында айтып өтті. «Былтырғы көрсеткіш бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендіруде, жалпы қаржы саласында көптеген жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Қазіргі әлемдік экономикадағы дағдарыс жағдайына байланысты қаланың стратегиялық бағдарламасын қабылдап, алдағы уақытта бұған дейінгі қол жеткізген жетістіктеріміздің деңгейін биік дәрежеде ұстап тұруға шешім қабылдадық», - деп атап өткен қала басшысы.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтановпен арадағы сұхбат жарияланды. Әңгіме барысында ел Үкіметінің орта және шағын бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлуі жан-жақты талқыға түскен. Қаржы министрінің айтуынша, 2015-2019 жылдары халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп шағын және орта бизнес саласындағы жобаларды іске асыру басталады. «Нұрлы Жол» басым деп анықтаған жеті саладағы жобаларды іске асыруды қолға алған отандық кәсіпкерлер 13 миллиард доллардан асатын мөлшерде қаржыландырудан үміткер бола алады. «Шағын және орта бизнеске басымдық беру қай кезде болса да пайдалы. Өйткені, бұл сала - берік орта таптың іргетасы болып табылады. «Орта тап» дегеніміздің өзі жекеменшік арқылы өзін іс жүзінде көрсету мүмкіндігін алған адамдар санының өсу шамасына қарай қалыптасады. Бұл ұғымның өзі ұсақ және орташа меншік иелері мен кәсіпкерлерді белгілеу үшін XVII ғасырда пайда болған. Бүгінде орта тапқа табыс деңгейіне қарап қана жатқызу дәстүрге айналған. Бірақ өздеріңіз білетіндей, менеджерлер, басқарушылар, оның ішінде жеке бизнесін басқаратындар жалдамалы қызметкерлерге қарағанда анағұрлым тиімді қаржылық жағдайда болады», - дейді Б.Сұлтанов. Екеуара әңгіме «Дамыған бизнес - тұрақтылық тұғыры» деген тақырыппен берілген.
***
Облыс орталықтарындағы әуежайлардың арасында табысы шығынын жаппайтындары да бар екен. Оларды тығырықтан алып шығудың жалғыз жолы субсидия болатын сияқты. Бұл жайында «Айқын» газетіне Орталық коммуникациялар қызметінде Airport Management Group ЖШС холдингі басшыларының қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болған. Басылымның жазуынша, аталған әуежайлардың инфрақұрылымына, авиациялық қауіпсіздігіне жүргізілген бақылау жұмыстары бірқатар әуежайларда проблемалар барын анықтаған. Ол проблемалардың туындауына әуежайлардың қаржылық жағдайының төмендігі ықпал еткен көрінеді. «Көкшетау, Семей, Петропавлдағы әуежайлар қазіргі жолаушы және жүк тасымалдаудан түскен табысымен өздерінің операциялық шығындарын жаба алмай отыр. Әуежайлар желісін дамытуға қатысты болжамға сәйкес, бұл әуежайлар, тіпті 2030 жылға дейін де шығындарын жаба алмайды», - дейді Airport Management Group ЖШС хол¬дингі бас директоры Клод Бадан.
Ал алдағы уақытта компания аймақтық әуежайларда ішкі және халықаралық бағыттардағы желіні дамытуға басымдық бермекші. Мысалы, аймақтағы әуежайлардан Біріккен Араб Әмірліктеріне, Түркияға ұшуды ұйымдастыруға көңіл бөлінетін болады. Жалпы, компания осы мақсатта қарамағындағы әуежайларды дамыту үшін 167 млрд. теңге жұмсамақшы. Оның 62 млрд. теңгесі техникалық талаптарды жақсартуға, 105 млрд. теңге әуежайларды дамытуға жұмсалады. Мақала «Шығыны көп әуежайларды қайтеміз?» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның сенбілік санында белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабековпен арадағы сұхбат оқырман назарына «Тарих таразысында ел басқарушылар мен ұлт зиялылары бiрдей жауапкер» деген тақырыппен ұсынылған. «Айқын» газеті тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Атаңның емес, ақпараттың аузы дуалы боп тұрған заман емес пе? Отбасының мәселесінен сериалдың сюжеті қызық болып, бабаңның бұлақ-дәстүрін Голливудтың блокбастері ұмыттырып, жетімнің басын сипайтын қолдар смартфонның бетін сипап кеткен жоқ па? «Жынды әкесін байлап баққан» ел едік, қазір сау әкесін қарттар үйіне апара жатқанды көрдік, «Ақтабан шұбырындыда» бір жастыққа сыйған бастардың, азаттық алғанда бір үйге сыймай, отау құрғандардың үштен бірі ажырасқанын көрдік. Демек, ата-анасынан жеріп, жанындағы жарынан безіп жүрген жүгенсіздері бар қоғамға билігі мен зиялысын қарсы қою қиын дейсіз бе? Дұрыс айтасыз. Бізге, тіпті қалай ойлау керек екенін де үйретеді. Әсіресе, бізді дамыған елдермен салыстырып дамыл таппайтындарға таңғалам. Бодандықтан босап шығып, тәуекелмен мемлекет құрған Қазақстанмен, билеуші елдер жанын салып тұрғызған АҚШ-тың қалыптасуы арасында қаншама бөлек бағыт, ұқсамайтын заңдылықтар бар. Әлемдік қауымдастыққа жаңа түскен келіндейміз. Бәрі ақыл айтқысы келеді. Сондықтан біз сияқты енді ғана еңсесін тіктеп, тамырын тауып, тарихын жазып жатқан халыққа ауызбірлік, ішкі тұтастық ауадай қажет», - дейді.
***
«Экспрес К» газетінің жазуынша, мектептегі ақша жинау проблемасы ушығып бара жатқан көрінеді. Мәселен, есептеулерге қарағанда, ата-аналар орташа есеппен 1 жылда мектеп қажеті үшін 450 доллардан тапсырады екен. Мұндай мәліметтерді Қазақстанның Дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зүлфия Байсақова ұсынып отыр. Оның айтуынша, 2014 жылдың 15 қыркүйегі мен 15 қарашасы аралығында сенім телефонынан мектептегі ақша жинауға қатысты 352 қоңырау келіп түскен. Мәселен, кедей отбасынан шыққан бір жоғары сынып оқушысы техникалық қызметтерге 150 теңге өткізе алмаған. Ал сол үшін сыныптастары оны еден жууға мәжбүрлеген. Жалпы, мектепте жиналатын жыл сайынғы қаржының сомасы 10-нан 15 мың теңгеге дейін және одан да жоғары болып келеді.
***
«Алматы шағын және орта бизнесті несиелеу секторында көшбасшы болып отыр», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның алға тартқан дерегіне қарағанда, шағын және орта бизнеске бөлінетін жалпы несиенің 56 пайызы оңтүстік астанаға тиесілі екен. Тек өткен жылдың қарашасында ғана Алматыда шағын бизнес несиесінің көлемі 95,8 млрд. теңгеге артқан. Өсім 10,2 пайызды құрайды. Бұл көрсешкі респубилка бойынша 6,8 пайызға тең.