Тарихи нысандарды аралап жүрген экспедиция мүшелері қасқыр соғып алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толуын орай ұйымдастырылған «Өр Торғай - ерлік мекені» атты экспедиция мүшелері ауылға жақын аумақтан жылқының өлексесін жеп жатқан қасқырды көліктерімен қуалап, соғып алды.
Экспедиция мүшелері Қостанай облысы Амангелді ауданының Қабырға ауылының жанындағы Кенесары ханның сардарларының бірі - Қошқар батырдың басына барып құран бағыштап шығып, Тентектің бойындағы Байқадам көне мешітінің орнына бара жатқан жолда қасқырларға тап болды. Экспедиция мүшелері жол жиегінен 1-2 шақырым қашықтықта қарға, құзғындардың көптеп ұшып-қонып жүргенін байқап, бірден көліктерін солай бағыттады, осы кезде жылқының қалған жемтігін жәукемдеп жатқан 4 бірдей қасқырдың үстінен түсті. Сол аралықта экспедиция құрамы қашып үлгірмеген бір қасқырды көліктерімен соғып құлатып, қанжығаларын майлады.
Бізге жол бастап келе жатқан ауыл азаматы Ғанибек Байжановтың айтуынша жақын уақыттардан бері қасқыр ауыл малдарына жиі шабатын болған. Ауылдың 4 қошқары мен 2 ешкісін тамақтап, бірнеше бас бұзауын жарақаттап кеткен екен. Сондықтан сапарда жүрген біздер бұл олжамызды жақсылыққа жорысақ, ал ауыл тұрғыны малымызға шабатын қасқырдың саны біреу болсада азайды деп қуанып жатты.
Осыған дейін де экспедиция елсіз далалардан түлкі мен қабандарды, жолда жатқан жыландарды кездестірген болатын. Тіптен, қазақ даласының сәні болған, киелі аң ақбөкендердің де 5-6 ауын алыстан көзіміз шалған. Біздер сонда жақынғы жылдардан бері белгісіз індеттен қырылып, саны кеміп кеткен киіктердің, сар далада сағымдай жүйткіген ерке аңның амандығын тілеген едік.
Естеріңізге сала кетейік,11-інші қыркүйек күні Арқалық қаласынан бастау алған, «Өр Торғай - ерлік мекені» атты экспедицияның бір аптаға межелеген сапары барысында екі мың шақырым жолды басып өтіп, тарихи маңызы зор отыздан астам нысанға бару жоспарланған. Экспедиция құрамында ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам белсенділері, журналисттер мен блогерлер бар. Экспедицияға демеушілік жасаған әрі бастамашы болып ұйымдастырған - «Тorgay expedition» тобының ұлтжанды, белсенді азаматтары.
Бақытжол Кәкеш