Тарихи сурет сыры: Қоғам қайраткері Шекер Ермағамбетова жайлы не білеміз

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ қыздарының арасынан шығып, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі төралқасы төрағасының орынбасары сынды ең жоғары лауазымда қызмет еткен Шекер Ермағамбетованың есімін бүгінде көпшілік біле бермейді. Тарих қатпарында көмескіленіп бара жатқан осынау көрнекті қоғам қайраткерінің суреті Kazinform агенттігінің фотожылнамасынан табылды.

Шекер Ермағамбетова
Фото: Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі төралқасы төрағасының орынбасары Ш. Ермағамбетова. Алматы, 1938 ж. Kazinform фотоархиві

Мемлекет және қоғам қайраткері Шекер Ермағамбетова 1903 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келіп, Алматы қаласында 1986 жылы өмірден озды. Кеңес партия мектебін, Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін бітірген.

Шекер Ермағамбетова
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

1929 жылдың желтоқсанына дейін аудандық кеңшар одағында жұмыс істеп жүрген Шекерді өлкелік әйелдер бөлімі мал және сүт мамандарын әзірлейтін өлкелік әйелдер курсына жібереді. Оны бітірген соң қайтадан бұрынғы қызметіне қабылданады. Қабілеті мен іскерлігін байқатқан ол сол жылы партия қатарына қабылданады. Бұл сенім оны бұрынғыдан да қанаттандырып, жауапкершілігін күшейтеді.

Шекер Ермағамбетова
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

Қызылорда облыстық партия комитетінің жолдамасымен Қазақстан өлкелік партия-кеңес мектебіне түсіп, 1932 жылы бітіргеннен кейін Ақмоланың Нұра аудандық партия комитетінде нұсқаушы әрі балалар үйінің меңгерушісі қызметін атқарады.

Шекер Ермағамбетова
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

1938 жылға дейін Орталық Қазақстан облыстық партия комитетінде әйелдер бөлімінің меңгерушісі, Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағасы, Жаңақорған аудандық партия комитетінің 1-хатшысы болып істеді.

Шекер Ермағамбетова
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

1938 және 1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланып, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі төралқасы төрағасының орынбасары қызметін 17 жыл бойы атқарды.

Шекер Ермағамбетова
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

1955-1959 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі төралқасында марапаттау бөлімінің меңгерушісі болды.

Шекер Ермағамбетова
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

Ә. Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас пен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының бас сақтаушысы Кенже Ибрагимова ұсынған тағылымы мол тарихи суреттер мен сол кезеңдегі газет тігінділеріне көз жүгірте отырып, Шекер Ермағамбетқызы ғұмырнамасындағы атқарған қызметінен бөлек айтулы оқиғалардың бірі 1943 жылы Украина майданында жаумен алысып жатқан жауынгерлерге азық-түлік, киім-кешек тиелген эшалонды бастап баруы болғанын байқадық.

Шекер Ермағамбетова
Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

Кейіпкердің өзі де бұл оқиға жайында соғыстан кейінгі жылдары жарық көрген мерзімді басылымдардың біріне берген сұхбатында былай деп еске алады:

«Алматыда жасақталған дивизия 1943 жылы Украина майданында жауға қарсы соғысып жатқан-ды. Өмір мен өлім белдескен шақ. Осы дивизияның жауынгерлеріне арнап республика еңбекшілері азық-түлік пен киім-кешек тиелген эшалонды басқарып апару менің үлесіме тиді. Біз аттанатын күні вокзал басына халық толып кетті, әрқайсысының қолында сәлем-сауқаттары бар. Мені танитын кісілер: «Шекер, мынаны менің балама, күйеуіме, ағама, ініме табыс ет», - деп дорбаларын қолыма ұстатып жатыр. Көңілдерін қимай бәрін алуға тырыстым. Маған жете алмай жатқан тұрғындарға радио арқылы: «Жолдастар, сәлемдемелеріңіз бен хаттарыңызды вагондардағы кісілерге апарып тапсырыңыздар!» - деп хабарлаттым. Қалың топ вагондарға қарай жүгірді. Республика аумағынан шығып кеткенше жол-жөнекей эшалонға орамалын, бөркін бұлғап: «Тоқта!» - деп белгі бергендер де көп болды. Иә, сонымен қарша бораған оқ астында 20 қарашада Полтавадан 50 шақырым жерден «Новые Санжары» деген шағын стансаға келіп тоқтадық. Сыйлықтарымызды табыс етіп, келесі күні делегацияны 7-армияның қолбасшысы, генерал-полковник, Кеңес одағының батыры Шумилов қабылдады. Штабқа соғыс кеңесінің мүшелері түгел жиналып, жерлестеріміздің Отан соғысы майданында тамаша ерлік көрсетіп жүргенін айтты. Шумилов армиясындағы 6 жауынгерге салтанатты жағдайда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің грамоталарын тапсырып, атқыштар корпусына аттандық. Оны Кеңес одағының батыры, генерал-майор Ғани Сафиуллин басқарады. Өздеріне қарай зымырап келе жатқан екі машинаны көрген мерген жігіттер сап түзеп тұра қалды. Мұнда 3 күн болып, 32 адамға грамоталар тапсырдық. Сафиуллин біздің құрметімізге барлаушыларға тірі фашисті ұстап әкелуге тапсырма берді, бірнеше сағаттан соң олар бір неміс солдатын алып келді. Одан кейін генерал-майор Козактың басқаруындағы гвардиялық дивизияға бардық, жерлестерімізге республиканың Жоғарғы кеңесі Қазақ КСР халық комиссарлары кеңесінің хатын табыс еттік, 100 жауынгерді грамотамен наградтап, сонда 5 күн аялдадық. Бір кеште жау самолеттері штаб пен біз отырған блиндаждың маңын бомбылады. Біз тылдың жағдайын, халықтың ыстық сәлемін айтып, тез жеңіске жетуге тілектестік білдіріп, қайта жолға шықтық».

Шекер Ермағамбетова
Фото: Ә. Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы

Шекер Ермағамбетқызы майдан даласынан оралғаннан кейін республикалық басылымдардың бірінің 1943 жылдың 30 қарашасында жарық көрген санында «Казахстан в дни отечественной войны» деген тақырыппен мақала жариялады. Онда Қазақстан халқының қорғаныс қорын құру бастамасын үлкен құлшыныспен қабыл алғандығын жазады.

«Соғыс басталғаннан бері Қазақстан бойынша елдің қорғаныс қорына танк қарастыруға ақшалай және облигация түрінде 379 млн рубль және ұшақ құрастыруға 477,6 млн рубль жиналды. Республикамыздың шаруалары қорғаныс қорына мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін тапсырды. Қалаларда, ауылдарда жыл сайын Қызыл армия үшін жылы киім-кешек жинауға бағытталған тамаша қозғалыс жүзеге асырылады. Қазақстан еңбеккерлері 2 500 000 данадан астам жылы киімді майданға жөнелтті. Қазақстаннан армия бөлімшелеріне Отан қорғаушыларға сүйіспеншілік белгісі ретінде 1500 вагон түрлі азық-түлік сыйлығы жіберілді. Кеңес халықтарының достығы неміс басқыншыларынан азат етілген елдің тыл аудандарына көмек көрсетуде де анық байқалды. Аталған аудандардың шаруашылығын қалпына келтіру үшін Қазақстанның кеңшарлары 13 мың бас жіберді. Сонымен қатар азат етілген аудандарға көптеген ауыл шаруашылығы машинасын, тракторлар мен әртүрлі құрал-жабдықтар жіберді», - деп атап өтеді Шекер Ермағамбетқызы.

Барлық саналы ғұмырын, ерік-жігерін, білімін елінің дамуына, бейбіт күннің тууына жұмсаған ардақты жанның еңбегі елеусіз қалмады. Ел, халық алдындағы сіңірген еңбектері үшін Шекер Ермағамбетова «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталған, Қазақстан Компартиясының 8 съезіне делегат болып қатысып, 4 рет Орталық Комитеттің мүшелігіне сайланған. Бүгінде Жалағаш ауданындағы №246 орта мектепке, Қызылорда қаласындағы бір көшеге есімі берілген.

Айта кетейік, Kazinform өзінің 105 жылдығы аясында 1929 жылдан басталатын бірегей фотоархивін қалпына келтірді. Соның ішінде 1951 жылы түсірілген түйешінің суреті бар. Сол тарихи кезеңнің ерекшелік-көріністерін агенттік тілшісі анықтап көрді.

Соңғы жаңалықтар