Тарихи жүлде: Қазақстан құрамасы волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатында қола медаль алды
АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың Ханчжоу қаласында 10–17 шілде аралығында волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионаты өтті.
Әлемдік додаға ерлер арасында 16 ұлттық құрама қатысты. Қазақстан құрамасы С тобында Бразилия, Хорватия және Ирак командаларымен сынға түсіп, топтық кезеңді екінші орынмен аяқтау арқылы плей-офф кезеңіне жолдама алған болатын.
Нәтижесінде 1/8 финалда отандастарымыз Польша құрамасын 3:0 есебімен айқын жеңсе, ширек финалда Руанда құрамасын да 3:0 есебімен ұтты.
Туризм және спорт министрлігі мәліметінше, жартылай финалда қазақстандық команда әлемнің ең мықты командаларының бірі – Ираннан 0:3 есебімен жеңілді. Үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде қазақстандық спортшылар Бразилия құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
Пара волейболдан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін таласатынын жазған едік.