Тарихқа шолу: 25-30 жыл бұрын ақпаратта не жаздық

Кеңес заманындағы жаңалықтарға тағы да бір көз жүгіртіп шығуға мүмкіндік туды. Идеологияға тұнып тұрған баспасөз беттерінде бүгінгі таңда аса бір қызғылықты дүние көп бола қоймас деп ойлайтын шығарсыз. Оныңыз жөн. Бізді қызықтырған сол заманда идеологияға елтіп, сол күннің саясатының сойылын соққан қаламгерлер жайы емес. Тіптен екпінді еңбектің жемісі, нұры ойнаған коммунизм елесі жөнінде емес. Жемшөп, егіс науқаны, сауыншы, жылқышы, тракторшы жайы да біздерді бүгін таңдандыра алмайды. Тек сол дәуірде саналы ғұмырын өткізіп, жастық шағы, есейген шағын еске алатын жандар үшн сол бір күндегі жаңалықтарды қайта есіне алудың өзі бір ғанибет болар.
Ендеше кеңес заманындағы осыдан 20 - 35 жыл бұрын шыққан басылым беттеріндегі біздің көзімізге түскен, назарымызды іліккен сәттерді бірге қайта шолып шығалық.
«Лениншіл жас» 1973 жыл ақпан 21-і күнгі №37 саны. Табақтай газеттің бірінші бетінің ауданын «Н.В.Подгорный жолдасқа награда тапсырылды» компартияның мақаласы алып жатыр. Брежневтің, Подгорныйдың сөздері партия мен жолдастарға арналып, идеология «бұрышымен» тұздықталып беріліпті. «Ильич мәңгі жасайды, партия бізді коммунизм ұлы идеяларына байытты, біз тамаша шақты бастан кешіріп отырмыз» деген тіркестер, ода, екпінді үндеулер, елтіген сөздерге тұнған мәтін тек езуге күлкі үйіреді.
Осы газеттің 4-ші бетінде Ғафу Қайырбековтың «Жас ақындар дауысы» «Шымкент фестивалінен туған ойлар» деген мақаласы жарық көрген екен. Қаламгер Шымкент қаласында өткен жастар поэзиясы фестивалінен алған әсерін жазады. Шығармашылығымен ел алдында беделді қаламгер поэзия алаңына жаңа қонған жастардың біразына тоқталып, олардың оқыған үздік өлеңдерінен үзінді келтіреді. Ертеңінен үміт күттірер ақындардың біразының атын атап кетеді, өлеңдерінің соны тұстарынан үзінді келтірілген. Ысырайыл Сапабаев, Аманкелді Жұмабеков, Ақылбек Шаяхметов, Болат Қожахметов, Мамай Ементаев, Нағашыбай Мұқатовтар бұл күнде көпшілікке танымал белгілі қаламгерлер, ақындар. Сол кезде олардың жастары 20-25-те болар. Әсілі Ғафу ағамыздың республикаға беделді басылымда жас ақындардың аттарын атап тұрып, өлеңдерін талдағаны ағалық жанашырлық қана емес үлкеннің батасындай жұғысты болғаны сөзсіз.
Келесі басылым - 1975 жылы 1-ші наурызда шыққан Павлодардың «Қызылту» газеті. «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деп ұрандатып тұр. Бізге қызықты көрінгені бірінші беттегі шағын ақпарат болды. «Луноход-2» Тавр алқабында» деген қысқа ғана ТАСС-тың хабарламасы. Ол аппарат сол жылы қаңтардың 15-інде жер серігі айдың бетіне қонған болатын. Жерден басқарылатын луноход 4 ай бойы ай бетін кезіп, жерге 80 мың сурет түсіріп жолдайды. Кратерге түсіп кетіп қайтып шығады, алайда осыдан соң аппарат бұзылып, байланыс үзіліп кеткен. Білетіндер аппараттың америкалықтардың «Апполон-17» қонған жердің маңайына сапар шегуі тегін емес дейді. Өйткені, әлі күнге дейін америкалықтар ай бетіне бармады деген сыбыс бар. Кеңес одағы сол кездің өзінде осы қауесетті тексеріп көргісі келген де болуы мүмкін.
«Екпінді еңбек вахтасы» айдарымен «Нысана:100 мыңыншы «Қазақстан» тракторы» түнгі смена» атты репортажда Павлодардағы трактор құрастыратын зауыттың бір күні жайы жазылған. Онда бүгінгі біздерге бейтаныс, әрі езуде мысқыл тудыратын тіркестер жетіп артылады. Газеттің толайыммен оқып шықсаңыз бұл басқа дәуірдің, тарих қойнауына өткен қоғамның күнделікті тіршілігі сөз болып жатқанына көз жеткізесіз. Арада 35 жыл өткенде сол кездегі жұмыскерлердің алға қойған мақсаттары, идеология тағысын тағылар көпшілікке тосын көрінеді.
«Цех коллективі өте ұйымшыл, М.Кісембаев коммунистік еңбектің екпіндісі, ол «1974 социалистік жарыс жеңімпазы» бегісімен наградталған. «Цехтың комсомол жастары коллективі екпінді еңбек көрігін күн өткен сайын қыздыра түсуде», «ұлы мәртебелі жұмысшы табының» деген тіркестер бүгінде пайдаланылмайтыны анық.
Әрине бірінші беттің негізгі тұсы КПСС Орталық комитетінде «КПСС» Орталық комитетінде Тамбов облысы партия ұйымдарының жұмысын сынаған мақала, соның жанын ала Совет одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы Л. Брежневтің өнертапқыштарға арналған сөзі беріліпті.
Қолымызда тағы да бір сарғайған газет бар. Бұл 1991 жылы 24-ші желтоқсанда шыққан «Егеменді Қазақстан» (қазіргі Егемен Қазақстан). Бірінші беті толайымымен Алматыда ТМД ұйымының құрылуы және соған орай 11 мемлекеттің басшыларының КСРО тарағанын мойындап, жаңа одақ құру жөнінде декларацияға қол қоюы жайында жазылған. Онда Н.Назарбаевтың сөзі берілген. Бұл тарихи сәт.
Бірақ та біздің көзге іліккені газеттің атауы болатын. Жалпы газеттің атауы және ұрансөзін өзгерту оңайға соқпағаны белгілі. Сол кездегі басылымның редакторы Шерхан Мұртаза бас болып газеттің атауынан «Социалистік» сөзін алып тастау жөнінде бастама көтереді. Бұл ұсынысты Саяси бюро қарап, қолдап қаулы шығарады. Бұл өзгеріс тек 1992 жылы іске асуы керек болса да редакция ұжымы жаңа атауды ғана емес оның шапка түріндегі қазіргі кездегі нұсқасын дайындатқызып маусым айында ел басылымын жаңа келбетпен шығара бастайды. Газеттің атауы егемендікке ұмтылған елдің келбетін айқын беріп тұрғаны анық. Бұл сол кезде оңайға түспепті. Дейтұрғанмен атаудың оң жағында Еңбек Қызылту ордені сол қалпында қалыпты. Алайда біраз уақыттан соң ол алқа да алынып тасталды. Бұл әсл кейінірек болды.
Екінші бетте Жоғарғы Кеңестен Рысбек Сәрсенбайұлының мақаласы беріліпті. Онда Жоғарғы Кеңесте (сол кездегі парламент) Қазақстан азаматтығы туралы заңды талқылау жайы айтылған. Жалпы кейбір ескі сарындағы депутаттар осы заңның баптарын қабылдамай бұрынғы кеңестік әнін айтып сайрап жатқандығы жөнінде Рысбек ағамыз ашына жазған. Егемендікке қол жеткен тұста билік басындағы әкім-қаралар елдің еркіндігіне қолдан келгенше кедергі жасағаны аз болмаған. Бұл күні кеше ғана секілді еді. Алайда арада жиырма жыл өткен. Қазіргі таңда Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тұсында осындай қиыншылықтардың артта қалды, ұмытылды. Тәуба делік.
Ал сол кезең тарих қойнауында қалды. Егераки, біздің өзіміз газеттерді қайта шолып шықпағанда сол турасында ой қозғамауымыз мүмкін еді. Қиыншылық тез ұмыт болады деген ой келеді.
Мақалада заң жобасының жасаушылардың жетекшісі Сұлтан Сартаевтың шыр-пыры шығып «шовинистердің» азаматтық туралы заңның негізгі тұстарын өзгертпей өткізу үшін жан сала пікірталасқа шыққаны келтіріледі. Сонымен қатар заңның жанашырлары болған Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртазалар «азаматтық берілгенде қазақ тілін білу міндетті» деген бапты өткізе алмайды. Ақыры алынып тасталыпты. Әлі есімізде кейінірек «мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін міндетті түрде білу тиіс» деген ұсыныстар да қолдау таппаған-ды.
Қазақ КСР Жоғарғы Советі мен республика Үкіметінің органы болып табылатын «Халық кеңесі» газетінің 1991 жылғы 30 қарашадағы №102 санының бас мақаласы сайлау жөнінде.
Егемендікке қол жеткізген кез болса да газеттен көп өзгеріс көре алмайсың. Ұрансөзі «Советтер билігі кемел болсын!» деп айғайлап тұр. Газеттің ең басында сол кездегі ҚазКСР-дың гербі. Бір қуантарлығы бағасы 5-ақ тиын. Қазір 5 тиынға газет түгілі сіріңке сатып ала алмайсыз.
Хош, біздің назарымызға іліккен мақаланы шолып шығалық. «Қазақ ССР Президентін сайлау күні» деген айдарда «Ел ағасын қолдау - егемендікті қорғау» деген бас мақала берілген. «Азаматтың тұлғасын әдіптеген әңгіме-Кандидаттың сенімді өкілімен кездесуінен» деп басталатын тақырыпшасында «..Қазақстан Президенттігіне кандидат біреу ғана (Нұрсұлтан Назарбаев). Бір адамның жиырма шақты күнде ұлан-байтақ республиканы аралап, әрбір елді мекенде болып жұртпен жүздесіп үлгеруі мүмкін емес қой» деп жазады С.Есжанов. «Сондықтан Қазақ ССР Жоғарғы Советі бекіткен оның 20 сенімді өкілі үміткердің өзі болып үлгермеген жерде сайлаушылармен кездесіп, пікір алысуы бір жағынан жаңалық болса, екіншіден ең ұтымды әдіс» дейді тілші.
Сарғайып кеткен газеттерді шолып отырып бүгінгі мерзімді басылымнан өзгеше біраз ерекшеліктерді байқадық. Айталық сол дәуірдің бүкіл газеттері КПСС Орталық Комитеті немесе Саяси бюросында өткен жиынды міндетті түрде қажеті болмаса да бірінші бетке орналастырады. Сосын бірінші бетте әлдеқандай бір еңбекшінің суреті беріледі. Ол сауыншы немесе тракторшы, жылқышы әйтеуір еңбек адамы. Тіптен болмаса ауылдағы бір малшының тұрмыс-тіршілігі жөнінде репортаж болмаса көлдей етіп очерк тұрады. Қазіргі таңда жарық көріп жатқан жиырмадай газетті шолып шыққанымызбен бірде-бір жұмысшының бірінші бетке берілген суретін таба алмадық.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ