Тарихты жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді – Мемлекет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ халқы – сан түрлі сынақтан, небір нәубеттен аман өтіп, қайсарлығын да, қаһармандығын да паш еткен халық. Бұл туралы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Біз ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне баса назар аударатын болдық, бұл жұмыс өз жалғасын табады. Бұл – ең алдымен, төл шежіремізді тұтас тану және оны жұрт жадында жаңғырту деген сөз. Тарих – ұлттың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді. Жігерімізді жасытып, кешегі күнге өкпе арта берсек, өскелең ұрпаққа қандай тәрбие береміз?! - деді Мемлекет басшысы.
Президент біздің төл тарихымыз – қазіргі және келешек ұрпақтар мақтан тұтарлық бірегей жылнама екенін баса айтты.
- Себебі қазақ халқы – сан түрлі сынақтан, небір нәубеттен аман өтіп, қайсарлығын да, қаһармандығын да паш еткен халық. Санасы сергек, ойы азат ұлт өткен күннен сабақ алады, өткен тарихын биікке көтереді және әрдайым алға ұмтылады. Әсіресе, қазір еліміз жаңа тарихи өрлеу кезеңіне қадам басып жатқан кезде бұл ұстаным айрықша маңызды, - деді Мемлекет басшысы.
Сессия барысында Мемлекет басшысы Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртатынын атап өтті.