Тарихы терең, құпияға толы жер: Шығыс Қазақстандағы Шекелмес мүйісі туралы не білеміз

Шекелмеске келсеңіз тауды да, көлді де, шөлді де көресіз. Сан алуан түсті бойына сіңірген адырлар көздің жауын алады. Геологтардың айтуынша, бұл жерге миллиондаған жыл бұрын метеорит құлап, тау жынысы жылжып кеткен.

Бұл еліміздегі құпияға толы жерлердің бірі саналады. Мүйіс теңіз деңгейінен 516,9 метр биіктікте тұр. Түрлі пішіндегі сазды және құмды таулардың ар жағында Зайсан көлі жатыр.

Шекелмес Күршім ауданының аумағында орналасқан. Аудан орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 95 шақырымдай жолды артқа тастап, Қиын Керіш шатқалынан ары өтесіз. Содан соң тағы 20 шақырымды еңсеруіңіз керек. Бірақ жол нашар болғандықтан асты биік көлікпен шыққаныңыз жөн.

Мүйіс маңында бірқазан мен суқұзғын мекендейді. Қатары сиреп, құрып кету қаупі төніп тұрған тарғақ, дуадақ, қарабауыр бұлдырық сынды қанаттылар да кездеседі.
Бізбен бірге келген белгілі тарихшы, ғалым Борис Щербаковтың айтуынша, 1650 жылдары жұт болып, аштықтың азабын тартқан моңғолдар осында келіп қыстапты. Зайсанның балығын аулап, күн көрген.
«Көлге «Зайсан» деп ат қойған да солар. Мағынасы – бекзат, мәртебелі, мейірбан дегенді білдіреді. Ал осыған дейін көлдің 7-8 шақты атауы болған. Зайсанда балықтың 20-дан аса түрі, тіпті шаян да бар», - дейді ол.
Әсем жерлерді іздеп, әдемі суретке түскісі келетіндер осында ойланбай келуі керек. Себебі Шекелместің қай шетіне тұра қалсаңыз да керемет кадр шығады.






Тау мен тасты аралап, адырлардың арасында адымдап, ұмытылмас әсер алдық. Мұрынға құм мен шөптің иісі, құлаққа көл толқынының дыбысы келеді. Самал жел бетті желпиді.




Қайтуға ыңғайланған тұста Борис Щербаков:
«Шекелмеске негізі түстен кейін келу керек. Мұнда күннің батқаны ерекше көрінеді. Түрлі түстер көлге еніп, көз құмарын қандырады», - деді.
Шекелмеске табанымды тағы бір тидірермін деп ойладым іштей. Себебі бір келіп-кететін жер емес екен. Шекелместе күннің ұясына қалай бататынын өз көзіңмен көрсе ғой, шіркін!