«Тарихымызға тың үлес қосатын жәдігерлер теңгеге жәутеңдеп тұр» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 24 тамыз, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Тарихымызға тың үлес қосатын жәдігерлер теңгеге жәутеңдеп тұр» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан»
жалпыұлттық газетінің бүгінгі санында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапарына арналған «Алашқа ана, қазаққа пана болған аймақ» деген мақаласын басылымның алғашқы беттерінде жариялаған. Онда Мемлекет басшысының өңірдегі сапары барысында аймақта атқарылып жатқан тындырымды істер егжей-тегжейлі баяндалған. «Жексенбі және дүйсенбі күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен барды. Дегенмен, күннің жек­сенбі екеніне қарамастан Сырдың бойына жұмыс сапарымен келген Елбасының әрекетін елге, жер­ге, мемлекетке, халыққа деген аса үлкен жанашырлық деп тү­сіндік. Өйткені, ұлттың ұлы мұра­тын арқалаған қайраткерге қай күн, қай мезгіл екені маңызды емес. Бастысы, елдің жайын, хал-ахуа­лын өз көзімен көру, біткен іспен та­нысу, аяғына дейін жетпей жат­қан шаруаның себебін білу болса керек»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Елбасы сапарының алғашқы күнін жаңа оқу жылында ашылған «Назарбаев зияткерлік мектебінің» жұмысымен танысудан бастады. Соңғы жылдарда республиканың қай түкпірінде болмасын сондай оқу орындары ашылып жатыр. Онда үлкен іріктеуден, сұрып­таудан өткен талантты балалар білім алады. Бүгінде елі­міз бойынша «Назарбаев зият­керлік мектебін» тәмамдаған 1003 бала бар. Бұл мектепті бі­тірген оқушылардың 93 пайызы мем­лекеттік гранттарды иеленіп, жоғары оқу орындарына түскен. Ал олардың 26 пайызы «Назарбаев Университетінің» түлектері. Аталған көрсеткіштің өзі мектеп деңгейінің қаншалықты екенін дәлелдеп тұр. Осы күні республикада 15 «Назарбаев зияткерлік мектебі» жұмыс істейді. Оның бірі Қызылордада ашылды. Алдағы уақытта Алматыда екі, Петропавл, Қостанай, Ақтау қалаларында бір-бірден мектеп ашу жоспарда бар.

Биылдан бастап мектептерге «Қазақ елі» патриоттық пәні енгізілді. Оның алғашқы дәрісін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткізген болатын. Елбасы ұсынған «Қазақ елі» пәнінің басты идеясы «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған Қазақ елінің алдыңғы қатардағы 30 елдің қатарына қосылуы, осы мақсатты іске асыру үшін инновациялық деңгейде ойлау қабілеті бар жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеп, буындар арасындағы сабақтастықты үзбей, бәсекеге қабілетті ел азаматтарын қалыптастыру. Республикамыздың бас газетінде жарияланған академик Ғарифолла Есімнің Білім және ғылым министрлігінің назарына ұсынылған «Қазақ елі: пән және бағдарлама» деген сараптама мақаласында ғалым білім жүйесіндегі қордаланған проблемалар, бүгінгі күн талабынан туындайтын міндеттер жайында толғамды ойларын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салған.

Газеттің бір беті әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары алғашқы съезінің 10 жылдығына арналған материалдар топтамасына беріліп отыр. Осы тақырыпта «Дінтұтқа» жинағы оқырманға жол тартты» деген мақала жарияланды. Бүгінгі күні Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 10 жылдығына орай Парламент Сенатының Төрағасы, съезд Хатшылығының жетекшісі Қайрат Мәмидің ұсынысымен «Дінтұтқа» атты кітап өмірге келіп отыр. Ол еліміздің астанасында 2003 жылдан бері 4 рет болған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері мен оның қарсаңындағы діни оқиғалар және одан кейін де осы тақырыпта жазылған үздік мақалалар мен сұхбаттардан құрастырылған. Кітаптың алғысөзінде басылым басшысы Сауытбек Абдрахмановтың айтқанындай, «Бүгінде Қазақстан әлемдегі дін­тұтқа елге айналды. Біздің бұл биікке жетер жолымызды­ көрсететін кітабымыздың «Дін­тұтқа» аталғаны да сондықтан». «Дінтұтқаны» желе шолып шыққанның өзінде ұлтымыздың талай ойшылдары мен ақылмандарының діннің маңызы туралы айтқан ой-толғамдарына кенелесіз.

Қазақстан халқының тілдері мерекесіне арналған материалдар топтамасы да осы санда. Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбектің «Ауыл академиясын аяқтаған» мүсінші Тілеуберді Бинаштың шығармашылығы жайлы эссесі талантты жігіттің ұлтымыздың рухын, бет-бейнесін сомдаған ізденістері жайлы сыр шертеді.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Көкейдегі сауал» айдарында «Кедендік одаққа мүше елдер заңсыз қаржы айналымы аймағына айналып бара ма?» деген мәселе көтерілген. Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: Меніңше, заңсыз ақша айналымы тек тек кедендік одақпен ғана шектеліп қалмайды. Кедендік Одаққа мүше алдер арасындағы ақша айналымы оның қасында тиын -тебен ғана. АҚШ-тың Халықаралық саясат орталығының зерттеуі бойынша соңғы 10 жылда қазақ жерінен 130 млрд. доллар ұрланған. Жақында Global Financial Integrity дамушы елдердің 2000-2009-шы жылдар аралығындағы заңсыз қаржы айналымын зерттеді. Оның басым бөлігі ұйымдасқан қылмыспен тонның ішкі бауындай байланысып кеткен. Оның ішінде, салықтан жалтару да бар. Жалпы дамушы мемлекеттер 844 трлн. доллар жоғалтқан. Соның 131 млрд-ы, қазақ ақшасы. Бір қызығы, 17 миллионға жуық халқы бар Қазақстан - Үндістан, Индонезия, Иран, Филиппин сияқты елдерді артта қалдырыпты. Ал, дүниежүзілік банк есебі бойынша, бөгде елге заңсыз шығарылған ақша 129 млрд. 489 млн-ға жеткен. Демек соңғы 10 жыл ішінде жыл ішінде қолды болған ақша 20 жылдық егемендік жылдарында тартылған инвестициядан да көп болуы мүмкін. Сондықтан, біз ең алдымен импорттық-экспорттық келісімшартттар төңірегіндегі айқындыққа басымдық беруіміз керек, оған қоғамдық-мемлекеттік бақылауды күшейтуіміз керек.

Газет тілшісі Гүлнар Жұмабаеваның Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаевпен сыр-сұхбаты «Ниет болса, адамның қолынан келмейтіні жоқ...» деген тақырыппен берілген. Белгілі актер сахна өнерінің сан қилы қиыншылықтары және шығармашылық қуаты жайлы ойларымен бөлісіп, өмір өткелдері жайлы сөз қозғайды.

«Айқын» газеті мен «Қазақстан» ұлттық арнасының бірлескен жобасы аясында «Нартай мектебі неге дамымай отыр?» деген мақалада дәстүрлі ән мектебінде өзіндік өрнегі бар Сыр сүлейлерінің сазын заманға сай өрістету, оның атақты өкілі Нартай Бекежанов қалыптастырған әншілік мектепті одан әрі дамыту жөнінде белгілі өнер шеберлері ой түйінін тарқатады. Мәселен фольклортанушы Берік Жүсіпов «Қазақ әндері ішкі ырғаққа бағынғанымен, сыртқы ырғаққа бағынбауы керек. Нартай әні ішкі ырғақтың дүниесі. Бұл жерде әрлеуші әнді де, әншіні де түсінбеген. Сондықтан біреуі айға, біреуі сайға қарап тұр» деп, Нартай әнінің табиғи қалпын бұзып жүрген қазіргі «әрлеушілерге» орынды сын айтады.

***

«Алаш айнасы» газеті «Халық тарих толқынында» айдарымен жарық көрген «Тарихымызға тың үлес қосатын жәдігерлер теңгеге жәутеңдеп тұр» деген мақалада тілші археологиялық-этнографиялық құндылықтарымызды қорғаудың өзекті мәселелерін көтереді. Ұлттық мәдениетіміз бен мәдени мұраларымыз жөнінде орынды сөз қозғап жүрген басылымның «Дөнентаев дәріптелемей қала бере ме?» деген мақаласында ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі, алаштың қайраткер ақыны Сәбит Дөнентаевты ардақтауды ұмытпауды еске салады. Келесі жылы жылы оның туғанына 120 жыл толмақ. «Алаш азаматы» айдарымен жарияланып отырған медицина ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Тыныбековтың «Мемлекет қарамағындағы медициналық мекемелерді жекешелендіруге болмайды» деген мақаласында медицина қызметінің өзекті проблемаларына назар аударады. «Ең басты тілек - енді бір 10 жылда медицина саласына жалпы өнімнің төрт-бес пайызы бөлінсе деймін. Себебі бүгінгі күні денсаулық саласына жыл сайын қомақты қаржы бөлінгенімен ол қажетті қаражаттың жартысын ғана құрайды» деген алашқа айтар назын да жеткізген автор.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Ұл - қызымыз үмітті ақтасын десек...» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Шынын айту керек, тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асып кетсе де, жастар саясаты түбегейлі шешілмей жатыр. Бұл туралы ақпарат құралдары да аз айтып жатқан жоқ. Оны былай қойғанда, өзіміз күнде көзімізбен көріп жүрген жастардың тұрмыс-тіршілігі жүрек сыздатады. Бірі баспанасыздықтан зардап шегіп, пәтерден-пәтерге көшіп жүрсе, енді бірі ақылы оқудың ақшасын төлей алмай, зыр жүгіруде. Жастар үшін жұмысқа, қызметке орналасу қол жетпес армандай болып көрінеді», - деп жазады басылым. Газеттің "Қаңлы ғұламалары" тақырыбындағы айқарма беттегі профессор, ҚР Жаратылыс ғылымдары академиясының кореспондент-мүшесі Бекболат Тасболатұлының зерртеу мақаласы қазақтың қалтарыс тарихына бойлайды. Газеттің осы санында 22 қыркүйектегі "Қазақстан халқы тілдерінің күніне" орай ұлттық рухтың ұйтқысы - мемлекеттік тілдің өзекті мәселелеріне айрықша орын берілген.